ТҮРКИЯ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ КЕШЕГІСІ, БҮГІНГІСІ ЖӘНЕ ЕРТЕҢГІСІ
Түркия қазақтарының осылайша Үндістан мен Пәкстаннан түрік еліне қоныс аударуы көпшілікке белгілі жәйт. Бірақ олардын Шынжаңнан Үндістанға қалай келгенін көп адам біле бермейді. Тіпті Түркия қазақтарының өзі бұл тұрғыда қате түсінікке ие. Көпшілік қазақтардың бір мезгілде, бір адамның жетекшілігінде Үндістанға қоныс аударғанын ойлайды. Шынтуайтында қазақтар екі кезеңде алты жетекшінің басқаруында Үндістанға келіп орналасқан. Ол кезеңдер:
- кезең 1940 жылғы көштің жетекшілері:
1. Елісхан Тәйжі,
2. Құсман Тәйжі.
- кезең 1950 жылғы көштің жетекшілері:
1. Дәлелхан Жанымханұлы
2. Құсайын Тәйжі
3. Сұлтаншәріп Тәйжі
4. Қалибек Әкім
Шынжаңнан 1940 жылы Тібет арқылы Үндістанға өткен бірінші топтың тарихында “екі патша, он екі уәзір” деген бір мәтелдің дүниеге келуіне себеп болған тарихи бір уақиға баршылық. Ол уақиға қазақтардын шеғарада Үндістандық ресми қызметкерлер тарапынан қабылданып жатқан кезде пайда болды. Қызметкерлер, қазақтарға “бастықтарын бар ма?” деп сұрайды. Қазақтар, “Бар. Бізді екі тәйжі, он екі үкірдай мен залың басқарады” дейді. Бірақ Үндістандықтар, қазақтарға кезінде Мәнжулар берген тәйжі, залың, үкірдай деген мансаптарды түсінбейді. Қайта қайта бастықтарын бар ма? деп сұрайды. Сонда бір қазақ ақыл тауып “екі патшамыз, он екі уәзіріміз бар” деп айтқанда мәселе түсінікті болады.
Сөйтіп қазақтар өздерінің екі жетекшісі Елісхан Тәйжі мен Құсман Тәйжіні Үндістандықтарға патша деп таныстыруға мәжбұр болады. Ал уәзірлерге келер болсақ, Елісханның уәзірлері: Мардан Үкірдай, Сауытбай, Омар, Сәдей, Бексұлтан және Қали. Құсман Тәйжінің уәзірлері: Хамза Залын (Жахя Молла ұлы), Шақбақбай, Қожан Зайыпұлы, Қошуыт, Дәуітбай, Алпыс Тәйжі, Қарамолла және Ракадыл Танжан.
Міне осы екі патша мен он екі уәзір және 1950 жылы Кәшмирге келген Құсайын Тәйжі, Сұлтан Шәріп, Дәлелхан Жаналтай Жанымханұлы және Қалибек Әкімнін аттары 16 шілде 2002 күні Қазақкент аулында Түркия қазақтарына 50 жыл тойында ашылуы жасалған ескерткіште орын алды. Міне бұл тарихқа, тарихи тұлғаларға құрмет болып табылса керек.
Осы тұлғалардан барлығы марқұм болып кетті. Тек біреуі ғана өмірде. Ол Дәлелхан Жанымханұлы Жаналтай. Енді қазақтар Үндістан мен Пәкстаннан неліктен Түркияға қоныс аударды? деген мәселеге тоқталайық. Қазақтардың Пәкстаннан Түркияға қоныс аударуы кездейсоқ уақиға емес еді. Бұл аталған жетекшілердін саналы да көреген шешімінің бір нәтжжесі болатын. Бұл жерде атап өтерлік бір жәйт, сол жетекшілер, бүгінгі кездегі бастықтар сиақты университет бітіріп жоғары білім алған бір неше тілді меңгерген кісілер еместі. Олар қазақтың ұлы даласында ел арасында жүріп билер мен ақсақалдардан өнеге алып өскен ұрпақ еді. Сондықтан оларда дала мәдениетіне тән адалдық пен халыққа деген жанашырлық басым еді.
Осындай жетекшілерінің бастауында қазақтар 1940 жылы Тибет пен Үндістан шеғарасына келген уақытта Пәкстан деген мұсылман елі құрылмағанды. Ол 1947- жылы пайда болды. Сол жылы Үндістандағы мұсылмандар одан бөлініп өз мемлекеттерінің шаңырағын көтерді. Осы кезде қазақтар да мұсылмандар жағында болып Пәкстан мемлекетіне өтті. Шынын айту керек Үндістан және Пәкстан мұсылмандары әр қашан қазақтарға жылы лебіз бен жылы шырай танытты. Оларға әрдайым қамқоршылық жасады. Баурына басты. Қазақтар олардан ешқашан этникалық кемсітушілік көрген жоқ. Керісінше қолдау және жанашырлық көрді. Соған қарамастан қазақтың ел бастаған жетекшілері Пәкстаннан Түркияға қоныс аудару қажет деп тапты. Өйткені бұл ұрпақтарының тілін, ділін және тегін ұмытпауы үшін, келешекте үйіріне тағы қосылуы үшін қажет еді. Осы орайда Пәкстандағы түрік елшілігіне арыз беріп жүріп ол елге баруға ұлықсат алды. 13 Наурыз 1952 күні басминистр Аднан Мендерестің басқаруындағы түрік үкіметі Пәкстандағы қазақтарды қабылдау жөнінде шешім қабылдады. Сөйтіп Түркия қазағы Түркияға орналасты.
Содан бері 50 жылдан астам уақыт өтті. Енді осы мезгілде Түркия қазақтары қандай жағдайларды бастан кешірді? Бүгін не істеп жатыр? Болашақта не болады? деген сұрақтарға тоқталайық. Олардын 50 жылдық таржхына көз жүгірткенімізде бес кезеңді бастан кешіргенін байқаймыз.
- кезең: Ес жию кезеңі 1952-ден 1960- жылға дейін.
- кезең: Бейімделу немесе адаптация кезені 1960-1980 жылдар.
- кезең: Туған жер – туған елмен (Кытайдағы туыстармен) қауышу кезеңі 1980-1990 жылдар
- кезең: Атамекенмен (Қазақстанмен) қауышу кезеңі 1990-2002 жылдар
- кезең: Қайта түлеу кезені 2002-ден кейінгі кезен
Бірінші кезең, ес жию кезеңі: қазақтардың түрік еліндегі алғашқы жылдарын қамтиды. Келген бойда түрік үкіметі қазақтарды өтініштері бойынша, өздерінің атамекендеріне ұқсас таулы, мал өсіруге қолайлы жерлерге орналастырды. Оларға Түркияның Қоня, Қайсары, Маниса жане Нигде секілді қалаларында үй және егістік жер берілді.
Бірақ жағдай ойлағандай болып шықпады. ХХ- ғасырдың екінші жартысында, Түркияда Алтайдағыдай мал өсіріп ары бері көшіп қонып жүруге мүмкіншілік жоқ еді. Түркияның аталған өңірлерінде, аттың жалында түйенін комында көшіп қонып жүру мүмкін еместі. Сонымен қазақ күн көруде қиыншылыққа түсті. Қарапайым халық түгіл, бұрын ел бастаған жетекшілердін өзі бала шағанын несібесін табудың қамын ойлауға мәжбүр болды. Олар біреуге кіріптар болып алақан жаймай күн көрудің жолын іздестірді. Ақырында қол өнерімен, ата кәсіп терімен айналысып нан табудан басқа шара таба алмады. Сөйтіп жаңа өмір басталды. Бұрын ел бастаған тәйжілер, үкірдайлар мен залыңдардың өзі тері иледі. Қолға ине тебен алып теріден қолғап, қалпақ, тон сиақты бұйымдар тікті. Тіпті сол тіккен бұйымдарын базарға апарып сату үшін дорба мен дағар арқалады. Әйтеуір қалай болғанда да отбасының несібесін адал еңбекбен табуда табысты болды. Уақыт өте келе жаңа елдің салтын да, тілін де, заңын да меңгерді. Балалардың алды түрік мектептерінен білім алып та үлгерді. Сонымен 10 жылға жетпей қазақтар түрік елінде есін жыя бастады.
Екінші кезең 1960-1980 жылдар арасында қазақтардын Түркияға бейімделген кезеңі болды. 1960-ты жылдардын басында қазақтар Түркияның кішігірім қалаларында жан етудің қиын екенін көрді. Қол өнері және сауда үшін үлкен қалалардын көбірек оңтайлы екенін парықтады. Сөйтіп қазақтар 1960-ты жылдардан бастап біртіңдеп үлкен қалаларға, әсіресе Түркиянын сауда орталығы болған Ыстамбұл қаласына ойыса бастады. Алдымен жастар келіп қолға күрек, кетпен алып құрылық және темір жол және басқа құрылыстарда жұмыс істеді. Олар жер қазып, құм мен цемент тасып Ыстамбұлда тұрақтап қалудын амалын іздеді. Осылайша кіріс келтіріп ақша таба бастағаннан кейін ауылдағы бала-шағалары мен ата-аналарын Ыстамбұлға қастарына алды. Осыдан кейін біртіндеп қол өнеріне ауысты. Теріден қолғап, бас киім тікті. Кейін бұлдан және найлондан да түрлі бұйымдарды өндіретін болды. Осы орайда кіші кәсіпорындар ашты. Сөйтіп аздап қалтада капитал пайда бола бастады. Осы кезде бұрынғы ел бастаған жетекшілер біртіндеп шаруашылық жетекшілерге айналды. Олар 30-40 кісінін басын біріктіріп үлкен капитал жасады да өздерінін алғашқы пластика өндіретін зауоттарын құрды. Бұл үрдіс әсіресе 1970-ті жылдарда белең алды. Бұл кезде оннан аса пластика, резенке бұйымдары өндіретін зауоттар ашылды. Оларға Алтайдықтар, Түркістандықтар және Баркөл секілді туған жерді елестетін есімдер берілді. Кейбір қазақтар осы ұйымшылдықты тері саласында көрсетті. Ірі тері киім өндіретін фирмалар құрылды. Олардын бір екеуі Европа елдеріне сататындай дәрежеде сапалы бұйымдар өндіретін дәрежеге жетті.
Осы кезенде кейбір қазақтар несібе іздеп Еуропа елдеріне қоныс аударды. Өйткені 1960 жылы Түркия мен Еуропа елдері арасында жұмысшы алмасу келісімі жасалған еді. Осы келісіммен, жұмысшы қолы жетпеген Еуропалық елдер Түркиядан жұмысшы ала бастады. Көптеген түрікпен бірге қазақтар да Еуропа елдеріне кетіп қалды. Сөйтіп Еуропа елдерінде қазақ дияспорасы қалыптаса бастады. Қазір екі мындай қазақ Германия, Франция, Швеция, Голландия және Авыстыря секілді елдерде өмір сүруде. 2001 жылы мамыр айында сол қазақтардың бір бөлегі Германияның Көлн қаласында қазақтардың Еуропаға орналасуының 40 жылдығын атап өтті.
Осы кезенде есін жиып шаруашылығын ретке келтірген қазақтар отанын және тарихын ұрпаққа ұмыттырмау барысында бір қоғам да құрып үлгерді. Ол “Шығыс түркістан босқындар қоғамы” деп аталды. Оны Ұйгұр жетекшісі Иса Юсұф Алптекін мен қазақ жетекшісі Құсман Тәйжі бірігіп құрды.
Қазақтардын 1972 жылы қоғамдасу турасында қол жеткізген бір үлкен табысы Ыстамбұлда Қазақкент атында бір ауыл салуы еді. Қазақ жетекшілерінен Дәлелхан Жаналтайдың басқаруында қазақтар Ыстамбұлдың Гүнешли деген ауданынан 500 үйдік жер сатып алды. Осы жерге тұрғын үйлер салғызды. Сөйтіп қазақтар әрі жинақы отыратын бір ауылға, әрі Ыстамбұл секілді қымбат қалада аренда төлеп қиналған қазақ өзінің меншікті үйіне иеленді. Сөйтіп қазақтар 1980- жылдарға келген уақытта түрік елінде шаруашылық қиыншылықтарын реттеген шад шадыман өмір сүрген бір халыққа айналды.
Үшінші кезен 1980-1990 туған ел мен туған жерге бару кезені. 1979- жылы Кытай Халық Республикасының сыртқы саясатында үлкен бетбұрыстық өзгерістер пайда болды. Осыған дейін бүкіл әлемге тас жауып келген есігін айқара ашып жіберді. Яғни, Кытай жетекшісі Дың Шау Пын Горбачовтың 1985- жылы бастататын гласност-перестройкасын одан әлдеқашан бұрын 1979- жылы бастатып жіберді. Осы кеңшілікті Түркия қазақтары тиімді пайдаланды. 1930- жылдардын басында туған жерінен босқан Түркиялық қазақтар содан бері елде қалған туыстарынан ешбір хабар алалмай дал болып жүретін. Тіпті олар артта қалған туыстарын өлдіге санап Құран хатым шығарып дұғада болатын. Шынжаңға шетелдіктердін барып келуіне мүмкіншілік берілгеннен кейін хабар алынса, ол туыстар өлмепті тірі екен. Сонымен Түркия қазағынан бірінші болып туыс іздеп Шынжаңға сапар шеккен азамат Құсайын Тәйжіұлы Мансұр болды. 1979- жылы Мансұр Кытай Халық Республикасына барып бүкіл Шынжаңды аралап әрі өз туыстарын тапты әрі олардын жағдайын білді. Түркиядағы қазақтардын хабарын сондағы исі қазаққа жеткізді. Содан Түркияға оралған Мансұрды Түркия қазағы үлкен мереке-тоймен қарсы алды. Түркиялық қазақтар туыстарынан хабар алу үшін алты ай бойы Мансұрдың үйінен үзілмеді. Туыстарынан шамамен 50 жылдан кейін хабар алған Түркиялық қазақтар өшкені жанып өлгені тірілгендей күй кешті. Олардын көзінен аққан жас айлар бойы селдей болып ақты. Осыдан кейін Түркиялық қазақтардың Кытайға туыстық сапарлары бастап кетті. Олардын іздегені жай туыс емес еді. Олардың іздегені ана, ата, туған іні, туған бауыр секілді өте етене жақын туыстар еді. Мәселен менің әкем Сүндет Қажы бес туған інісі мен қарындасын осы кезде яғни 50 жылдан кейін тапты. Өлі емес тірі екенін білді. Қазақтар тек Шынжаңға сапар шегумен шектелмеді. Ондағы туыстарын түрік еліне ертіп келді. Осында өберелі шөберелі болған отбасын, өмір сүрген ортасын оларға таныстырды. Сөйтіп 50 жыл бұрын тағдырдын тәлкегімен бірбірінен айрылған туыстар бірбіріне қауышты.
Осы қауышулар мәдени жаңаруларға да себеп болды. Түркиялық қазақтар, әсіресе жастар арасында ұмытылып бара жатқан анатіл қайта жанданды. Өйткені туыстық байланыстың бірден бір құралы қазақ тілі еді. Сонымен қатар бір миллионнан астам Шынжаң қазағының әндері, күйлері мен кітаптары де осы орайда әсерлі болды.
Кытай және Түркия қазақтары арасындағы байланыстар, Түркиядағы атқа мінер азаматтарға ұлттық тіл мен мәдениетті жас ұрпақтарға ұмыттырмау үшін шара көру керектігі жөнінде ой бітірді. Сөйтіп 1986 жылы осы мақсатта Ыстамбұлда Қазақ Қоры құрылды. Осы қорды құруға Түркия қазағымен бірге Еуропа қазақтары да бір кісідей ат салысты.
Төртінші кезен 1990-2002 жылдары атамекенмен қауышу кезені. 1985- жылда Кеңес Одағының билік тізгінін қолға алған Горбачов Кытайдағы секілді реформаларды бастатып жіберді. Бұл жағдай Түркия қазақтарынын атамекен Қазақстанмен байланыс орнатуына мүмкіндік берді. Бұл байланыстар 1989-1991 жылдары шарықтау шегіне жетті. Қазақтар жиі Қазақстанға баратын болды. Одан ұлттық тілдегі әндер мен кітаптар және кинолар әкеле бастады. Осы орайда Түркиялық қазақтарға ең көп әсер еткені Алматыда сол жылдары қызу өтіп жататын ақындар айтысы болды. Осы айтыстар жазылған видео магнет таспаларды әрбір қазақ отбасы көшіріп алып күн сайын қайта қайта қызыға тамашалағанын айт сақ асырып айтқандық саналмас.
Ал 1991 жылдын сонында Қазақстаннын тәуелсіздігін жариялауы Түркия қазақтарының өміріндегі ен маңызды құбылыс болды. Қуанғаннан Түркия қазағынын жүрегі жарыла жаздады. Бұл қуаныш, бір жетім баланын туған әкесінін тіріліп келіп құшағын ашып тұрғанын көргеннен кем емес еді. Ендігәрі иесіз емес екенін Түркиялық қазақтар жақсы түсінді. Сонымен қабат Түркияның Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып тануы бұл қуанышты екі есе көбейтіп жіберді. Тәуелсіздік алғашқы жемісін Түркия қазақтарына көп кешікпей силады. Ол 1992 жылы күзде Алматыда өткен қазақтардың дүниежүзіліқ тұңғыш құрылтайы еді. Бұл құрылтай әліге дейін Түркия қазақтарынан есінен кетпейді. Өйткені Түркиядан Дәлелхан Ақсақалдың бастауында соған қатысқан 104 қазақтың көбісінін табаны бірінші болып атамекен топырағына тиген еді. Бір аптаға ұласқан құрылтай жиналыстарында айтылған әндер мен шертілген күйлерді тыңдағанда қазақтар ерекше тебіреніс және толқу үстінде болды. Бұл құрылтай Түркиялық қазақтардың атамекенмен байланысындағы бетбұрыстық кезеннін бастамасы еді. Осыдан кейін Түркия қазақтары үшін Алматы мен Стамбул, Анкара мен Стамбул арасындай болып кетті. Барыс керіс жиіледі. Мұнда екі елдін түбі бір туысқан ол болулары негізіндегі достық байланыстардын рөлінің үлкен екендігін атап өткен жөн. Бұл байланыстардын негізін екі елдін көрнекті мемлекет қайреткерлері, атап айтқанда, Түркия презжденті Тұрғыт Өзал мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев салды. Осы байланыстар күн сайын нығая түсуде.
Бесінші кезен Түркия қазақтарының қайта түлеу кезеңі. 2002 жылы қазақтардың Түркияға қоныстауына 50 жыл толды. Сөзіміздің басында “50 жылда ел жаңа” деген қазақтың қанатты сөзін атап өткен едік. Түркия қазақтарының 2002 жылда жаңарған елі бұдан былай ұлттық тіл мен салт-сана турасында өркендеуін айтуға негіз бар. Өйткені бір жақтан Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін өткен 17 жылда экономикасын орнықтырды. Екінші қазақтардың туған жері Шынжаңның соңғы жылдары зор қарқынмен гүлденіп келе жатқаны, ондағы туыс-туғандардың әл-ауқатының барған сайын жақсарып келе жатқаны, ән-би ансамблдарының, киносының қарыштап дамығаны назардан тыс қалмауда. Түркия қазақтары осы екі елмен байланысын нығайту арқылы әрі экономикалық тұрғыдан, әрі ұлттық мәдениет тұрғысынан үлкен жетістіктерге қол жеткізері күмәнсіз.
Әбдіуақап Қара
(2002 жылы 23-24 қазан күндері Түркістанда болып өткен Дүниежүзілік қазақтар ІІ- құрылтай қарсаңында жазылды. Сол кезде бір сыпыра газеттерде басылып шықты)