ТҮРКІ ДҮНИЕСІНІҢ ОРТАҚ ӘЛІПБИ ЖҮЙЕСІ БОЛА МА?

«Дөңгелек столға» Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Ж.Түймебаев, Түркия Республикасы Үкіметінің Түріктілдес Республикалармен байланыстардан жауапты бұрынғы министрі, профессор А.Андижан, Түрік елдері турасындағы зерттеулерімен танымал ғалым тарихшы профессор М. Сарай, түрік тілдері жайында еңбектерімен белгілі түрколог ғалым, профессор О.Серткая, Стамбұл Университеті жанындағы «Түріктану Институтының» басшысы профессор Х.Девелі сияқты ғалымдар, докторанттар, зерттеуші-аспиранттар қатысты.

«Дөңгелек столға» қатысушылардың баяндамаларымен қоса өзіміздің айтқан уәждерімізді жеке мақала ретінде жарияламақ ойымыз  бар. Біз осы мақаламызда тек  Түркі Кеңесі Бас Хатшысы Халил Акынжынын ашылу рәсімінде жасаған баяндамасында атап өткен бір-екі мәселеге тоқталуды жөн көріп отырмыз.

Х.Акынжы өз баяндамасында Кеңестің қабылдаған екі қарары туралы хабарлады. Оның біріншісі, өзі бас хатшылығын атқарып отырған түрік тілінде «Түркі Консейі» ретінде аталып жүрген ұйымның француз тілінен енген “консей” деген сөзінің орнына бұдан былай «Түркі Кеңеші», яғни «Түркі Кеңесі» деп аталатындығын атап өтті. Біз түрік тіліне жат, кірме сөз болып табылатын «консей» сөзінің көптеген түркі тілдерінде қолданылып жүрген «кеңес» сөзімен ауыстырылғандығын құптаймыз. Орынды шешім. Акынжы сонымен қатар, “кеңеш” сөзінің Анадолы жұртшылығында ұмытылып қалғанымен, оның «Диуани лұғат ат-түрікте» орын алып отырған төл түрік сөзі екенін де тілге тиек етті.

Сонымен қатар бұл сөз қазақ тілінде «кеңес» ал өзбек, қырғыз және басқа да түрік тілдерінде «кеңеш» түрінде қолданылуда. Анадолы жерінде, Осман патшалығы уақтында “кеңес” сөзі үшін арапша “шура” деген сөз қолданылды. Орыс тілінде “Совет” сөзі де осы мағнада болғандықтан Османдық ақпарат құралдары «Советтер Одағы» үшін «Шуралар одағы» дейтін.

Бір кездері Түркияда саяси партиялардың құрылтай жиналыстары үшін «конгресс» сөзі қолданылушы еді. Кейін оның орнына түркі тілдеріндегі «құрылтай» сөзі қолданыла бастады. Бастапқы кезде бұл сөздің де жатырқап қабылданғаны, кейбір саяси партиялардың бұл сөзді қолданғысы келмегені  есімізде. Қазіргі уақытта болса “құрылтай” сөзі кеңінен қолданыс тауып, құлаққа жағымды да естілетін болды. Мысалы, Түркияда биыл Республикалық халықтық партиясы құрылтайы (CHP Kurultayı),Ұлтшыл қозғалыс партиясы (MHP Kurultayı) құрылтайы, билік басындығы Әділет және даму партиясы құрылтайы (AK Parti Kurultayı) сияқты құрылтайлар өткізілді. Осы жиындарды «конгресс» сөзімен айтқанда түрік халқының құлағына “құрылтай” сыяқты жағымды естілмесі анық. Әрине, әрбір сөз бен дыбыстың өзіндік ерекшелігі, эмоциялық бояуы мен рухы болатындығы даусыз.  Бұларды, әрине, тек ол елдің ғасырлар бойы қолдана келген төл сөздерінен ғана сезуге болады.

Сонымен бірге Түркияда “кеңеш” сөзінің қолданыс аясының уақыт өте келе кеңейіп тек “Түркі Консейі” үшін ғана емес, “Еуропа Консейі”, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Консейі” сынды халықаралық ұйымдар үшін де қолданылатын болуы әбден ықтимал. Түркі тілдері расында да бай тіл. Оның мүмкіншіліктерін толық пайдалану, қойнауындағы байлықтарын жарыққа шығару тек зиялылардың қана емес, сонымен қатар дипломаттар мен саясаткерлердің де міндеті болуға тиіс. Міне осы тұрғыдан қарағанда Елші Халил Акынжыдан бастап Түркі кеңесіндегі барлық азаматтарға алғыс айту керек.

Екінші құптарлық хабар, Түрік Кеңесі Секретариатының өзінің  іс-қағаздары мен құжат-хаттамаларында 1990- жылдардың басында Түркі елдерінен келген тілші-ғалымдар тарапынан қабылданған 34 таңбалық Түркі дүниесінің ортақ әліпби жүйесін қолдану туралы қабылдаған шешімі.  Түркі Кеңесі Бас Хатшысы Елші Халил Ақынжы бұл шешімді тек өздерінің мекемелері үшін қабылдағандықтарын, мүше елдердің немесе басқа мекемелердің бұл әріптерді қолданып қолданбауы өз еріктерінде екендігіне баса көрсетті.

Өздеріңіз білесіздер, латын негізінде түркі дүниесінін ортақ әліпби мәселесі, Кеңестер Одағының ыдырауының қарсаңында, «Түрік дүниесі» деген ұғым пайда болған уақытта күн тәртібіне енген еді. Осы орайда алғашқы нақты шешім 1991 жылы, 18-20 қазан күндері Стамбұлдағы Мармара Университеті жанындағы Түріктану Институты ұйымдастырған «Қазіргі түрік әліпбиі» атты симпозиумда тілші-ғалымдар тарапынан қабылданған еді. Осы жиында Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркіменстан сынды елдерден қатысқан 28 тілші ғалым Түркі дүниесі үшін 34 әріптен тұратын латын негізіндегі әліпби жүйесін белгілеген еді. Бұл жүйе 29 таңбадан тұратын Түркияның әліпбиіне өзге түркі халықтарындағы дыбыстар үшін қосымша бес қаріп енгізумен жасалды. Ол бес әріп мыналар:  “Ä ä, X x, Q q, Ñ ñ, W w”

Бұл жиындар одан кейін де жалғасын тапты. Мысалы 1992 жылы, 29 қыркүйек пен 2 қазан күндері Бішкекте өткен Түрік Республикалары мен Түрік мемелекеттік құрылымдары Білім Министрлігі өкілдерінің 2-ші Халықаралық конференциясы;  1993 жылы, 8-10 наурыз күндері, бес тәуелсіз Түрік Республикасы қатысқан және Түрік іскер топтары мен Даму агенттігі  (ТИКА) ұйымдастырған Анкарадағы «Әліпби мен емле мәселесі»  атты Халықаралық конференция; 1993 жылы, 21-23 наурыз күндері, Анталияда өткен «Түрік мемлекеттерінің достық, бауырластық және ынтымақтастығы құрылтайы» атты ірі жиында да қолға алынып, осы 34 аріптік әліпбиге өту қажеттілігі турасында шешім қабылданған еді. Осы жиындардың барлығы 1926 жылы ұйымдастырылған ортак әліпби турасындағы Баку Конференциясынан кейін өткізілген алғашқы жиындар ретінде тарихқа енді.

Алайда бұл мәселенің ең қызық жағы содан бері өткен 20 жылда көптеген мәселелерде ымыраға келген Түркі дүниесінің осы алғашқы шешімді іске асыра алмағаны. Бұл өз кезегінде, әліпби мәселесінің сырт көзге қарапайым мәселе болып көрінгенімен, шынтуайтына келгенде, қандай ауыр да маңызды проблема екендігін аңғартса керек.

Қазіргі уақытта Қазақстан мен Қырғызстан қана латын әліпбиіне өткен жоқ. Түркі дүниесінің өзге тәуелсіз елдері, атап айтқанда Әзірбайжан, Өзбекстан және Түркіменстан латын әліпбине алдеқашан көшіп болды.  Дегенмен, бұл «көшуде» 1991, 1992 және 1993 жылдары тілші-ғалымдары қабылдаған ортақ әліпби жүйесі назарға алынған жоқ. Олардың көшкен латын әліпби жүйелері осы 34 әріптік жүйеге де, өзара бірбіріне де ұқсамауда.

Алайда, барлық түркі мемлекеттері бір келкі дыбыстарға бір келкі таңбаларды қолданған болса, онда «бір оқпен екі қоян атып алғандай» болар еді. Яғни олар әрі заманауі дүниенің, технологияның және ғаламтордың ең тиімді әріп жүйесіне өткен, әрі 200 миллиондық түркі әлемі өзара байланыс-түсінісушілікте аса маңызды бір қадамды басқан болар еді. Екінші жақтан тілші ғалымдардың белгілеген 34 таңбалық жүйе Түркияның латын әріптеріндегі ондаған жылдық тәжірибесі негізінде дайындалған түркі тілдеріне ең ыңғайлы латын әріп жүйесі болып табылады. Сондықтан бұл жүйеге өту ұрымтал шешім болады.

Әзірбайжан 1991 жылы, 25 желтоқсан, Түркіменстан 1993 жылы, 12 сәуір, Өзбекстан 1993 жылы, 2 қыркүйекте Латын әліпбиіне көшу туралы шешім қабылдады. Алайда «сүттен аузы күйген айранды үрлеп ішеді» дегендей, Кеңес Одағынан тәуелсіз болған және бір «ағадан» жана ғана азат болу қуанышындағы елдерде екінші бір аға, атап айтқанда “түрік аға” пайда етіп алу алаңдаушылығы ортаға шықты. Мүмкін сондықтан олар Түркияда қолданылған әліпби жүйесімен дәлме дәл бір келкі болмаған, өзіндік ерекшеліктері мен айырмашылықтары болған, нақтылап айтқанда Түркиямен араларында дистанция орнататын латын таңбалары жүйесіне өтуге күш жұмсады. Алайда, Түркияның латын әліпби жүйесінен алшақтаудың әрқандай бір ұтымды жағы болмайтыны ескерілмеді.

Содан бері өткен 20 жыл “аға” алаңдаушылығының орынсыз екендігін көрсетті. Түркі әлемінде ешбір ел басқа туысқан елге “аға болу” арманында емес. Бүгінгі таңдағы түркі халықтарының мәселесі, жаһандану деп айтылған ұлы мәдениеттердің кіші мәдениеттерді жалмап жұтып жатқан кезінде бірбіріне жақын немесе туыс мәдениеттердің өзара ынтымақтастықта ұлттық ерекшеліктерін сақтау мәселесі болып табылады. Жаһандану дәуірі өздерін басқа елдерден оқшаулап аластатқан елдер ұтылған, өзге елдермен ортақ нүктелер тауып ынтымақтастық пен достықты көп жақты дамытқан елдер ұтқан дәуір. Бұл тұрғыдан қарағанда ортақ әліпби жүйесі түркі дүниесі үшін ынтымақтастықты нығайтуда таптырмас құрал екені даусыз.

Арғы жақтан 34 таңбалы латын жүйесінен басқаша жүйеге өткен түркі елдерінің қателікке ұрынғандықтары да назардан тыс қалмауда. Мәселен Өзбекстан 1993 жылы қабылдаған латын әліпбиі жүйесінде 1995 жылы бір қатар өзгерістер мен түзетулер енгізуге мәжбүр болған.

Қазіргі таңда Қазақстан мен Қырғызстан  латын әліпбиіне өту жұмыстарын жалғастырып, тиісті дайындық пен ыңғайлы уақыт мөлшерін  қарастыру үстінде. Кейбір қазақ тілші ғалымдарының айтуларына қарағанда, Қазақ ресми органдарының алдында латын әліпбиіне көшудің  жиырмадан аса нұсқалары жатқан көрінеді. Біздің ойымызша, ең тиімдісі, сонау 1990 жылдардың басында қабылданған 34 әріптік жүйе.

Осы орайда айта кететін тағы бір мәселе Түркияның өзі де 1991 жылы қабылданған ортақ әліпби жүйесіне өту жолында ешқандай қадам басқан жоқ. Ол әлі де болса өзінің 29 таңбалық жүйесін қолданып келе жатыр. Алайда Түркияның ғалымдар белгілген қосымша бес таңбаны ұлттық әліпби жүйесіне кіргізуі  керек еді. Оның сөйтіп ортак әліпби жүйесінде алғашқы қадамды басып өзге түркі елдеріне үлгі болуы керек.  Кейбір Түркиялық тілші-ғалымдарының «Түркияға 34 әріптік жүйеге көшу қажет емес. 29 әріп бізге жетіп жатыр. Өзге елдер 34 әріптік жүйеге өтсін, біз 29 әріпте тұра берейік” деп айтып жүргенін естіп жүрміз. Бірақ біз бұл пікірге қосылмаймыз.

Түркияның 1928 жылы арап әріптерінен 29 әріптік латын жүйесіне өткенде кемшіліктер жібергені рас. Олар, мәселен, кезінде түрік тілінде де бар «ң» дыбысына таңба белгілемеген. Сондықтан қазіргі таңда түрік тілінде бұл дыбыс жоғалып кетті. Сондықтан түріктер бұл дыбыс үшін “ng” қос әріптерін қолданады. Қарапайым халық мұны оқуда шатасуда. Міне сол себептен Бесім Аталай «Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбегінде “кеңеш” деген сөзді қарапайым халық “кенгеш” деп оқиды. Сондықтан Түркия 34 әріптік жүйеге өткенде әліпбиіндегі осындай кемшіліктерді де түзеткен болар еді.

Алайда, “Болар іс болды, бізде ол дыбыстар жоғалып кетті, қазіргі 29 таңбалық әліпби түрік тілінің қажеттілігін толығымен өтеп отыр” деп есептегеннің өзінде Түркия 34 әріптік жүйеге өтуге міндетті. Өйткені, осы 34 әріптік жүйеден мақсат түркі дүниесінің ортақ әліпби жүйесін қалыптастыру екені назардан тыс қалмауға тиіс. Егер Түркияның өзі осы жүйеден тыс қалатын болса, онда бұл қалайша түркі дүниесінің ортак әліпбиі бола алады? Сонымен қатар Түркия республикасы азаматтарының өзге түркі халықтарының тілдерінде де оқу және жазу қажеттілігі болатыны да ескерілуге тиіс.

Екінші жақтан Түркия 34 әріптік жүйенің кең тарауында жетекші рөл атқаруы қажет. 34 әріптік жүйені белгілеу барысындағы алғашқы жиналыстарға да түрік ғалымдары мұрындық болған еді. Олай болса, Түркияның бүкіл елдерден бұрын осы жүйге өтуі және алғашқы қадамды басуы орынды. Әйтпегенде бұл мәселеде Түркия үшін ықылассыздық және принципсіздік көрініс пайда болмақ.

Түркия Республикасының билік орындары қабылдамай келе жатқан шешімді қабылдаған Түркі Кеңесін құттықтаймыз. Еншалла, осы шешім, Түркі дүниесінің 34 әріптік ортақ әліпби жүйесінің қалыптасуында алғашқы қадам болғай!

Әбдіуақап Қара

(Түрік тілінен аударған Ерғали ЕСБОСЫН)

Түркі тіліндегі нұсқасы үшін қараңыз: Türk Keneşi (Konseyi) ve Türk Dünyasının 34 Harfli Ortak Alfabe Sistemi

Bir cevap yazın

Your email address will not be published / Required fields are marked *

Bu site, istenmeyenleri azaltmak için Akismet kullanıyor. Yorum verilerinizin nasıl işlendiği hakkında daha fazla bilgi edinin.