Шетелдегі қандастар Қазақстанның халықаралық деңгейдегі имиджін көтеруге атсалысуда

– Сол қарсаңда сіздердің орталарыңызда есте қалған ерекше оқиғалар болды ма?

 

– Ұмытпасам, 1991-жылдың тамыз айы болу керек. Кеңестік елдер, олардың ішінде, туысқан Өзбекстан, Түрікменстан сияқты елдер тәуелсіздігін жариялап үлгерген кез. Бірақ әлі Қазақстан асығар емес. Ал сырттағы бізде дамыл жоқ. «Апыр-ай, Қазақстан не күтіп отыр? Осындай кезеңде тәуелсіздігін жарияласа екен. Кейін, бұған тосқауыл қойылып, тәуелсіздікке мүмкіндік болмай қалса, қиын болып кете ме?»-деп қоямыз өзара. Радио редакциясының бастығы демалыста еді. Оның қызметін бастықтың орынбасары Мұхабай Енгін атқарып жүрген, ол бір күні: “Бүйтіп күтіп отырмайық, біз шетелдегі қазақтар атынан Қазақстан тәуелсіздігі жарияласын, деген үн көтеріп еуропалық газеттерге бір мәлімдеме берейік, сөйтіп Қазақстан басшылығына қозғау салайық,-”деді. Сол үшін редакция қызметкерлері бас қосып жиналыс өткіздік. 

Мен сол жылдың көктемінде Түркияда болған кезде, Қазақстан делегациясын басқарып келген Мырзатай Жолдасбековпен танысқан едім. Соған орай жиналыста редакциядағыларға айттым. “Ағайындар, Қазақстанды асықтырып, ел ішінде қантөгіс, немесе басқа бір қиыншылыққа ұрындырып алмайық. Сондықтан мен Қазақстан басшылығындағы Жолдасбеков мырзамен сөйлесіп көрейін. Ол кісі не айтады екен. Содан кейін осындай бір шараны іске асырайық. Кеңесіп пішкен тон келте болмас»,- дедім. Сөйтіп ол кісіге телефон соқтым. Онда Мырзекең: “Ниеттеріне рахмет! Бірақ, асықпаңдар, еш нәрсеге араласпаңдар. Тәуелсіздікті кезі келгенде жариялаймыз,”- деді. Мен осыны радиодағы азаматтарға айтып едім. “Жоқ, біз оған сене алмаймыз, мәлімдеме жариялаймыз,-”деді. Сонымен, Махмет Құлмағамбетов екеуміз оған қарсы болып қол қоймадық. Бірақ өзге әріптестерім қолқалап жүріп, Еуропадағы бір-екі газетте сол мәлімдемені жариялатты. Әрине, мұның бәрі елді сүйгендік, оның ұлттық тәуелсіз ел болуын қолдауға бағытталған талпыныстар еді. Осы арманға жету барысында әрқилы пікірлер мен жолдардың болуы да заңды. 

Бүгінгі Қазақстан 15-20 жыл бұрынғыға қарағанда, толықтай ұлттық тәуелсіз мемлекет. Ал тәуелсіздік – елдің ең үлкен қасиеті болып табылады. Еркіндік, бостандық деген бір халық үшін ең бір қасиетті жетістік. Құдайға шүкір, бұл бар. Ал өзге қиындықтар халықтың бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын ынтымақтастығының арқасында шешілмей қоймайды. 

Ал тәуелсіздіктен кейін бүкіл әлем қазақты да, оның басшысы Назарбаевты да жақсы білді. Қазақ елі тәуелсіздік алған күндері, соны естіген үйдің қасындағы дүкен иесі менің анама: “Сіздердің көп жылдардан бері қазақпыз дегендеріңізді түсінбей жүргеміз. Енді ұқтық. Сендер Қазақстанның өкілдері екенсіндер,-” депті. Содан бері Отанымыз – Қазақстан әжептәуір дамыды. Тамаша қала, әлемге үлгі боларлық – Астана бой көтерді. Тарыдай шашырап жүрген әлем қазақтары үш дүркін құрылтай жасап, атамекенде бас қосты. 

Салыстыратын болсақ, біздің Түркиядан 4.5 есе үлкен жеріміз бар да, санымыз Түркиядан 4.5 есе аз екен. Сонда мұншама аз халықтың соншама үлкен жерді қорғауы тек ынтымақтастық арқылы жүзеге асады. Бұны іске асыратынымызға да сенемін. Өйткені осы түсініктің де орнауы үшін уақыт керек ғой. 

Сіз шетте жүріп, Желтоқсан көтерілісі жөнінде докторлық диссертация қорғадыңыз. Жалпы, Түркияда бұл көтеріліс қалай бағаланып жүр?

– Желтоқсан көтерілісі қазақ жастарының демократия жолындағы ұлттық сипаттағы жаңа мемлекетті орнату жолындағы ерлігін паш етті. Түркияда 1986-жылы бұл туралы теледидар хабарын естігенде, ел оны оқыс оқиға деп бағалады. Өйткені бұған дейін Кеңес одағында Мәскеуге қарсы бір ереуіл болып жатыр дегенді ешкім естіп көрмеген еді. Сондықтан Алматыда қазақ жастарының көтерілісі болып жатыр дегенде, бүкіл Түркия елең етті. Бұдан кейін КО-ын келмеске кетіретін көтерілістер тізбегі Грузия, Әзербайжан және Балтық жағалауы елдерін кернеп кетті. 

Өкінішке орай, Түркияда көпшілік желтоқсан көтерілісінің мән-мазмұның әлі де толық білмейді. Тіпті кейбір саяси оқулықтарда маскүнемдердің, бұзақылардың әрекеті деп аталып жүр. Осы себепке байланысты, мен 1997-жылы Мюнхеннен Ыстамбұлға оралып, желтоқсан көтерілісі жөнінде диссертация қорғадым. Желтоқсан көтерілісінің 20 жылдығына байланысты осы зерттеуім “Қазақстанның қайта түлеуі” деген атпен жақын арада Ыстамбұда түрік тілінде кітап болып жарық көрмек. 

Желтоқсан көтерілісі тек 1986-жылдың желтоқсан айындағы оқиғалармен шектелмейді. Ол 1989-жылы Колбин билік басынан кетіп, орнына Назарбаев тағайындалғанға дейінгі үш жылдық саяси процесті қамтиды. Зерттеуде Мәскеудің Қонаев кезінде қазақ халқының саяси және мәдени салада қол жеткізген жетістіктерін Колбин арқылы жоймақ болғаны, бірақ бұған қазақ жастары мен зиялыларының жол бермегені айтылады. 

Білген жанға ұлттық сананы жаңғыртқан Желтоқсан көтерілісі – қазақтың жетістігі болып отыр. Әдетте, бір елдің жетістігін басқа елдің көргісі де, мойындағысы да келмейтіні бар. Егер де Желтоқсан көтерілісі қазақ халқының, тәуелсіз ұлттық Қазақстан мемлекетінің мүддесіне қайшы келетін бір оқиға болғанда, ол шетелдіктер тарапынан өткен 20 жылдың ішінде талай зерттеліп, талай кітаптар шыққан болар еді. Желтоқсан тақырыбының шетелдерде зерттелмеуінің өзі, оның қазақтың ұлттық мүддесі үшін қаншама керек екенін де аңғартады. 

Ал былай бір ой ойлайық: Желтоқсан көтерілісі болмаса, Колбин орнында қалса, не болар еді? Ол отыра бергенде, тәуелсіздік алар тұста Қазақстанның жай-күйі қалай болар еді және бүгінгі жетістіктерге жетер ме еді? Әй, қайдам. Оны ойлаудың өзі қорқынышты… 
Қазақтар Кеңес одағынан кейінгі кезекті тәуелсіздігін алу үшін бұрынғысынша қолына қару алып күрескен жоқ, есесіне, өскелең заманға тән тәсілмен, саяси және интелектуалдық жолмен тамаша бір күрес жүргізді. Соның бір дәлелі осы желтоқсан көтерілісі. Мұны тек білімді және қазаққа сыңаржақ қарамайтын бейтарап адамдар ғана мойындайды. Сондықтан желтоқсан мен тәуелсіздік бір бірімен етене араласқан жақын ұғымдар, осы екеуінің де қадірін білейік, осы құндылықтарымызды жерге түсірмей, әрқашан биікте көтеріп ұстайық дегім келеді. 

– Әбдіуақап мырза, Түркиядағы қандастардың бүгінгі мәдениеті қалай дамып отыр, соған тоқталып өтсеңіз.

– Жалпы Түркияда бір кездегі 25 мың қазақтың он мыңдайы Қазақстанға қоныс аударған көрінеді. Түркияда қазір, жалпы 15 мыңдай қазақ бар деп есептейміз. Түркиядағы халық санағында халықтың қай ұлтқа жататыны саналмағандықтан, сұралмағандықтан бұл жөнінде нақты мәлімет жоқ. Олардың көпшілігін 1938 және 1949-жылы Қытайдан шығып, Үндістан, Пәкістан арқылы 1950-жылдардың басында Түркияға жеткен қазақтар құрайды. 1970 және 1980-жылдары Ауғанстаннан да қазақтар келді. Олардың дені қазір атамекенге қоныс аударып үлгерді. 

Қазір біздің арамыздағы тіл мен діл білетін қариялардың басым көпшілігі о дүниеге аттанып кетті. Дегенмен, қазақтың некелесу, той, қонақ шақыру, тағам дәстүрлері, жеті атаға дейін қыз алыспау деген секілді көптеген салттары жалғасуда. Түркиялық қазақтар арасында, әсіресе, діни салт-дәстүр берік сақталған. 

Түркия қазақтары өздерін шетелдегі қазақтар ішінде ең бақытты диаспора өкілдері деп есептейді. Бұның мынандай себептері бар. 
Біріншіден, Түркия мен Қазақстан арасындағы байланыстар күн сайын дамып келе жатыр. Тіпті екі ел арасында виза шектеуі жоқ, емін- еркін барып келуге болады. 

Екіншіден, Түркия қазақтары ешқандай этникалық кемсітушілік көріп отырған жоқ. Түбі бір туысқан елде өз еліндегідей алаңсыз жүреді. Өйткені түрік халқы, қазақтарды бүкіл түркілердің төл мәдениетін сақтаушы текті халық деп біледі. Сондықтан болса керек, кезінде, қазақ халқынын біртуар мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқай “Түркия – түркітілдес халықтардың екінші отаны,-” деген екен. 

– Шеттегі қандастың атамекенге оралуы қай тұрғыдан ұтымды екенін өзіңіз де білесіз. Ал сол ағайын қайтпай сонда қала берсе, кім неден ұтады ойлайсыз?

– Қазақстаннан сыртта жүрген төрт миллионға жуық қазақтың бір демде атамекенге көшуі де мүмкін емес. Олай болса, сол қазақтардың біріншіден, ұлттық ерекшеліктерін сақтап қалуына, екіншіден мәдени, ғылыми және экономикалық жағдайларын, жалпы айтқанда, олардың деңгейлерін көтеру туралы шаралар қарастырылу қажет. Өйткені қазіргі жаһандану кезеңінде, Қазақстанның шетелдердегі имиджін көтеретін де азаматтар керек. Оның сыртқы саясатын шетелдерде қолдайтын азаматтар керек. Ал шетелдегі қандастар қолдан келгенше, Қазақстанның халықаралық деңгейдегі имиджін көтеруге ат салысуда. Сырт жұртта ғылым, мәдениет және экономикалық тұрғыдан күшті болсаңыз, сөзіңіз де өтімді, өзіңіз де күшті көрінесіз. Сондықтан, шетелдердегі қазақтардың деңгейін көтеру Қазақстанның сыртқы саясатының бір бағыты болуы тиіс. Одан Қазақстан да, қазақтар да ұтпаса, ұтылмайды. 

– Сондайда Түркиядағы қандастарға Қазақстан-Түркия арасындағы қатынас қаншалықты игі ықпал етіп отыр деп ойлайсыз?

– Біз тұрған Түркия мен Қазақстан арасындағы байланыс күн сайын дамып келе жатыр. Әсіресе мемлекет басшылары және сауда саласының адамдары арасында достыққа негізделген жақсы қатынас қалыптасты. Бұған қуанып отырмыз. Бірақ халықтар мен зиялылар арасындағы байланыстар әлі көзге көрінерліктей дамып отыр деп айта алмаймыз. Мәселен, түрік халқы қазақ халқын бауыр, туыс дегеннен асып, толықтай танып біліп отыр деп айта алмаймыз. 

Демек, бұл – мәдениет саласында жүйелі жұмыстың аз атқарылғандығын көрсетеді. Екі ел үкіметі осыған мән берсе екен. Айталық, өткен жылы Түркияда қазақша-түрікше сөздік шықты. Бірақ әлі күнге түрікше-қазақша сөздік жоқ. Осы тәрізді мәселелер бізді біршама ойландырады. 

Құдайға шүкір, ең бастысы – атамекенмен байланысымыз өте жақсы. Бұл турасында ешқандай саяси шектеу жоқ. Біз сыртта жүрсек те, Қазақстанның шетел қазақтарына деген қамқор саясатын көріп отырмыз. Әсіресе, Елбасы Назарбаевтың Түркия қазақтарына ерекше ыстық ықыласпен қарайтынын білеміз. 

Түрік үкіметі де қазақтардың атамекендерімен тығыз байланыста болуын қолдап отыр. Түркиядағы Қазақстан Елшілігі және консулдығымен қатынасып тұрамыз. Елші Бейбіт Исабаев және Ыстамбұлдағы консул Әбутәліп Ахметов Түркия қазақтарына әрқашан жылы көзқарас білдіріп отыратын азаматтар. 

– Атамекендегілерге айтар қандай арыз-тілегіңіз бар?

– Қазақстандағы тіл мәселесінде өткен күндермен салыстырғанда біршама жетістіктер бары анық. Мәселен, Алматыда бұрынғыға қарағанда қазақ тілі көбірек қолданылуда. Дегенмен газет-журналдардан оқып білгенімізге қарағанда, жоғары қызметтегі азаматтардың балаларын әлі де болса, орыс тіліндегі мектептерде оқытып жататыны жанымызды ауыртады. Әрине, біз орыс тіліне қарсы емеспіз. Бірақ алдымен, балалар ана тілін білсе екен. Ана тілін біліп өзге тілді білген ғанибет, ал ана тілін білмей өзге тілді білген кімге керек? Ол бір кемістік, кемтарлық қой. 

Бұдан басқа көңілде жүретіні – қазақ тіліндегі ақпарат құралдары интернет бетінде көбейтілсе екен. Сонда шетел қазақтары да оқитын болар еді. Ең көңілге ауыр тиетіні – күні бүгінге дейін интернет бетінен Қазақстаннан қазақ тілінде хабар тарататын бір де бір радио сайтын кездестіре алмай жүрміз. Қазіргі таңда Қытай, АҚШ, Түркия және Иран елдері тарапынан қазақ тілінде хабар тарататын радиотораптар интернетке өз сайттарын енгізіп, алыс-жақын тыңдарманға қолайлы жағдай жасап беріп отыр. Бірақ Қазақстанның мемлекеттік радиоларына әлі күнге интернеттен орын тимей келеді. Егер олар интернетте болғанда, шетел қазақтары 24 сағат бойы қазақша тыңдаудан жалықпай, жырғап қалған болар еді. 

Әзірге біз Caspionet телеарнасын ғана көріп, соған қанағат қылып жүрмыз, сол үшін де осы арна басшылығына алғысымызды білдіреміз. 

– Қазақ зиялысы ретінде Қазақстандағы латын жазуының қолданылуына қалай қарайсыз?

– Оның көп пайдасы болар еді. Біріншіден, бұл саяси және мәдени тұрғыдан Қазақстанның Ресейдің ажырамас бір бөлегі екені жөніндегі түсінікті жояды. Яғни бұл, 1991-жылы тәуелсіздігін жариялап аяғынан қаз тұрған жас қазақ мемлекетінің ер жетіп азамат болғанын, өзіне сенгендігін көрсетеді. Тарата айтқанда, біз Мәскеуден 1991-жылы саяси тәуелсіздігімізді алсақ, енді латынға көшу арқылы мәдени тәуелсіздігімізді де алған болар едік. Қазақстанмен тағдырлас Әзербайжан, Өзбекстан мен Түрікменстан латын әрпіне әлдеқашан өтіп кетті ғой. Әрине, бұл – Ресейден алшақтап кету дегенді білдірмесе керек. Біз Ресеймен бұрынғысынша достық байланысымызды терезесі тең елдер ретінде жалғастырамыз, бірақ латын – біздің тіл, діл және дін тұрғысынан орыстардан айырмашылығымыз бар екенін, мәдениетіміздің бөлек екенін көрсетеді. 
Екіншіден, латын жазуына көшу – қазақ тілін интернет және компьютер жүйелерінде қолдануға тиімді болар еді. 

Үшіншіден, латын әріптерін қолданатын түркі мемлекеттері бізді көбірек түсінетін болады. 

Ал латын әрпіне өтсек, кириллицамен басылған миллиондаған кітап және басқа да басылымдар оқылмай қалады деген бекер сөз. Орыс тілі Қазақстанда әрқашан шетелдік тіл ретінде оқытылады. Орысша білген қазақ өзінің кириллицада жазылған кітаптарын қиналмай оқи береді емес пе. Бұрынғы кітаптар оқылмай қалады деген сөз, арап әрпінен латын, немесе, кирилл жазуларына өткенде айтылса, әңгіме басқа. 

– Тәуелсіздік тойына қандай тілек арнаған болар едіңіз?

– Бүкіл игілік пен құндылықтың басы осы – тәуелсіздік. Ойласақ, бүгінгі жетістіктердің бәрі тәуелсіздіктен кейін басталған екен: Қазақтың аты бүкіл әлемге танылды. Қазақтың жерасты- жерүсті байлықтары да өзіне бұйырып жатыр. Астана секілді әсем қала салынды. Тарыдай шашыраған қазаққа да атамекенге есік ашық. Қазақтар ғарышқа самғап жатыр. Айта берсе, жетістік деген жетеді. Сондықтан, бүкіл іс-қимылдарымыздың басты мақсаты – тәуелсіздігімізді баянды етуге арналуға тиіс. 

Сол тәуелсіздіктің арқасында атамекендегі туыстарға бірлігі жарасқан мықты елдің азаматтары ретінде бақытты өмір сүрулерін тілеймін. Қазағымыз ХХІ ғасыр табалдырығын зор беделмен аттап отыр. Осы бедел абырой арта берсін деймін. Осы тәуелсіздіктен қазақты Құдай айырмасын. Еңселі қазақ елінің көк байрағы мәңгілік желбірей берсін!

 

Bir cevap yazın

Your email address will not be published / Required fields are marked *

Bu site, istenmeyenleri azaltmak için Akismet kullanıyor. Yorum verilerinizin nasıl işlendiği hakkında daha fazla bilgi edinin.