Түркия қазақтарының кіші құрылтайынын қорытынды мәлімдемесі
Құрылтайдың соңғы күні, яғни 31 шілде күні таңертен Басминистр Аднан Мендерес пен Президент Тұрғыт Өзалдың кесенелеріне барып Құран оқылып дұға істелді және түрік халқына қазақ халқының алғыс сезімдері атап өтілді. Өйткені 1952 жылы, 13 наурыз күні басминистір Аднан Мендерес басқарған Түркияның министрлер кабинетінің қаулысымен бүгінгі қазақтардың аталары Түркияға қабылданған еді. 1991 жылы, 16 желтоқсан күні болса, Президент Тұрғыт Өзалдың жетекшілігіндегі Түркия Қазақстанның тәуелсіздігін екі сағаттай қысқа уақытта таныған еді.
Түстен кейін “Түркия қазақтарының кешегісі, бүгінгісі, ертеңгісі және атамекен Қазақстанмен байланыстары” тақырыбында құрылтай жиналысы өткізілді. Оған Қазақстан, Қытай, Түркия және Еуропа елдерінен келген қазақ қоғам бастықтары, ғалымдар, журналисттер мен басқа да кәсіп иелері қатысты.
Кешкісін “Ер Жәнібек Батыр” додасын тапсыру рәсімі және концерттік бағдарламамен құрылтай жұмысы аяқталды. Құрылтай жұмысы барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “құрылтай тойлау емес, ойлау” сөзіне сай құрылтайға қатысушылар Түркия қазақтары және Қазақстан туралы ойларын атап өтті.
Құрылтайда Түркия қазақтарының келешегінің жарқын екендігіне баса көрсетілді. Өйткені олар тұрған Түркия елі соңғы жылдары экономикалық тұрғыдан қарқынды өсіп әлемнің алғашқы 16. экономикасы болып отыр. Бауырлас түрік елі қазақтарға жылы шыраймен қарап отыр. Екіншіден атамекен Қазақстан да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саяси-іс шараларының арқасында дамып Орталық Азияның жарық жұлдызы атағына ие болып отыр.
Айрықша, Түркия қазақтары ретінде құрылтай делегаттары Қазақстанға тек алғыстарын айтатындарын атап өтті. Ең бастысы, Қазақстан бүкіл қазақтардың бірегей отаны, тарихи мекені және шетел қазақтарына әр қашан қолдау көрсетіп қамқоршылық жасап келеді. Түркия қазақтары Қазақстанмен арқаланады. Өзінде күш сезінеді. Сондықтан осындай екі күшті мемлекеттің қамқоршылығындағы Түркиялық қазақтар үшін материалдық тұрғыдан ешқандай алаңдаушылыққа орын жоқ.
Бірақ құрылтай делегаттары олардың ұлттық болмыстарына келгенде алаңдаушылық білдірді. Өйткені Түркия қазақтарының әсіресе жас өспірімдері ана тілінен жұрдай болып өсіп келеді. Осы тұрғыда нақты іс-шаралар көрудің қажеттілігі аталып өтілді.
Құрылтай жиналысында мынадай ұсыныс пікірлер айтылды:
1. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жолдауында өте маңызды мәселелер көтерілді. Әсіресе “мәңгілік ел” идеясы Түркия қазақтарын елең еткізіп отыр. Құрылтайға қатысушылар бұл идеяны толық қолдады және оны іске асыруға атсалысудың барша қазақтың бірінші мақсаты болу керектігін атап өтті.
2. Түркия қазақтарының ұрпақтарының ұлттық болмыстарын сақтау үшін Қазақстан үкіметінің нақты шаралар көруі аса қажет. Атап айтқанда Түркияда ана тілді үйрететін мұғалімдар жіберу, курстар ашу, ең бастысы мектеп оқушыларын және жастарды Қазақстанға қысқа уақыттық та болса саяхаттау мүмкіншіліктері туғызып атамекенмен және ондағы құрбы құрдастарымен танысып араласуына жағдай туғызу маңызды. Сонымен қатар Түркиялық қазақтардың ана тілде газет – журнал шығаруларына жан жақты қолдау көрсетілсе пайдалы болмақ.
3. Әлсіз диаспораның Қазақстанға пайдасын тигізе алмасы анық. Диаспораны күшейтіп олардың қатарындағы озық ойлы да білімді адамдарды көбейту барысында әлемнің үздік университеттерінде Қазақстандықтардың білім алуы туралы “Болашақ бағдарламасына” Түркия және өзге шетел қазақтарының да жастарына квота бөлінсе.
4. Түркия қазақтарының атамекенмен байланыстарын нығайту аса маңызды. Өйткені атамекенін жақсы танып білмеген диаспораның отаншыл бола алмайтыны ақиқат. Сондықтан оларды наурыз мерекесі, Астана күні, Алматы қала күні, тәуелсіздік күні сынды мерекелік жиындарға жүйелі түрде шақырып елмен араласуларын қамтамасыз ету пайдалы болар еді.
8. Түркия қазақтары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа мынадай өтініштерін білдіргісі келеді.
а. Түркия және өзге шетел қазақтары туралы Қазақстандадағы сүйіспеншілік пен ынтымақтастықты күшейту барысында үгіт-насихат шараларына көбірек маңыз берілсе екен. Өйткені, шетел қазақтарына немесе Қазақстанға көші-қонмен оралған қазақтарға заң жүзінде немесе сіздің тапсырмаларыңыз, бұйрықтарыңызбен қолдау болғанмен, кейде жауапты қызметкерлердің оларды толық орындауда селқостық танытқан уақиғалары байқалады. Мұның бір себебінің шетел қазақтары туралы мәліметтердің аздығы немесе жаңсақ пікірлер болуы әбден ықтимал. Сондықтан Қазақстанда шетел қазақтарына деген ыстық-ықыластың, сүйіспеншіліктің көбейуіне септігін тигізетін олардың тарихы мен мәдениетін танытатын іс-шараларға көбірек орын берілсе екен.
б. Қазақ халқының үштен бір бөлегін құрайтын диаспора қазақтарының Қазақстан мемлекетінің тәуелсіздігін баянды етуге және сіздің “мәңгілік ел” идеяңызды іске асыруға атсалысуды өзіне абырой санайтыны сөзсіз. Олардың осы ұлы мақсат жолындағы іс-қимылдарын бір арнаға түсіріп қолдау барысында бір диаспора министрлігі құрылса нұр үстіне нұр болар еді.
ж. Түркия қазақтары атамекенде жарық көрген кітап, газет және журналдарға зәру. Бірақ кирил әріптерін білмегендіктен оқи алмауда. Сондықтан Қазақстанның латын әліпбиіне өту жайындағы сіздің шешіміңізді қуанышпен қарсы алып отыр. Осы шешіміңіздің тез арада іске асуын қалайды.
д. Түркия қазақтарының биылғы құрылтайы ораза айтқа дөп келді. Түркияда және басқа мұсылман елдерінде ораза айтта үш күн ресми демалыс беріледі. Қазақстанда да осы мейрам күндері демалыс болса екен деген тілегін атап өтеді.
Құрылтай жиналысына Түркия қазақтары қоры төрағасы Фазыл Топлы, Мұстафа Шоқай Француз-Қазақ Достық Қоғамының төрағасы Яшар Дініш, Қоня қаласы қазақ қоғамы төрағасы Абдуахап Қылыш, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры, т.ғ.д. Әбдіуақап Қара, Қазанат журналы басредакторының орынбасары Дәурен Мұқанов, Мюнхен қазақ қоғамының бұрынғы төрағасы Әлихан Жаналтай, Вена қаласы қазақ қоғамының бұрынғы төрағасы Әкбер Қыран, Нигде қаласы Алтай қазақ ауылының әкімі Абай Орхұн, Гүнешлі қазақ кент ауылынан кәсіпкерлер Мүбарек Чалышкан, Разақ Елші, Үрімші қаласынан дәрігер Хадиша Құсайынқызы, Кельн қаласынан ақсақал Ислам Зенгин және басқа да азаматтар қатысты.