КIТАПҚҰМАР ӘЛИ ӘМIРI ӘПЕНДI НЕМЕСЕ «ДИУАНИ ЛҰҒАТ ӘТ-ТҮРКТIҢ» ТАБЫЛУ ХИКАЯСЫ

Сондықтан да Әли Әмiрi әпендi есiмi осы еңбектiң авторы Махмұд Қашғаримен бiрге аталуға әбден лайықты.

Бiз Түркия елi туғанына 1000 жыл толуын атап өтуiне орайластырып әзiрленген осы мақаланы даярлауға доктор Мұхтар Тауфикоғлының Әли Әмiрi әпендi туралы жазған моно­графиясын (авторға алғысымыз шексiз) пайдаландық.

Шектен асқан кiтапқұмарлық

Әли Әмiрi әпендi 1857 жылы Осман Патша­лығының шығыс аймағындағы Диярбақыр қала­сын­да дүниеге келген. Бала кезiнен оқуға, зерттеуге құштар болды. Сегiз-он жасында көне ғима­рат­тардың маңдайша­ларын­дағы жазу­ларды оқып-бiлуге ынтықтық танытқан. Сонымен қатар өлеңдi де жақсы көретiн. Жады күштi жет­кiншек тоғыз жасында бес жүз­ден астам ақынды қамтыған Невадирүл Асар атты еңбектегi төрт мың жол өлеңдi жаттап алып­ты. Жас кезiнде көркем хат­қа (калли­графия) көңiл бөл­ген Әли Әмiрi әпендi бұл салада табысты болған көрiнедi. Өйт­кенi ол жазған Құран аяттары мен пайғамбарымыздың хадис­терi Диярбақыр қаласындағы мешiт­терге iлiнген едi.


Бiрақ, бәрiнен де оның кi­тапқа құмарлығы басым болды.

Оның кiтапқұмарлығы әкесi­нiң сауда жұмыстарына да кесiрiн тигiздi. Әкесi он бес жасқа толғанында Әли Әмiрi әпендiге дүкен ашып берiп, сау­даға баулуды жөн көрдi. Бiрақ Әлидiң көңiлi ақшада емес, кiтапта едi. Дүкендi басқарып тұрғанда клиентке емес, кiтапқа көбiрек көңiл бөлдi. Аларман келгенде: «Тауар әне тұр. Баға­сы да мынау. Рас алатын болсаң — сөресiнен түсiрiп берейiн, әйтпесе менi босқа әуре қылма!» — дейтiн. Дүкен иесiнiң өзiне жақсы көңiл бөлмегенiн көрген тұтынушылар тауар алмай кетiп қалып жүрдi. Әкесi баласының саудаға икемi жоқ екенiн бiлiп, оны дүкеннен босатты.

Әли Әмiрi әпендi кiтап оқумен шектелмей, өзi де кiтап жазды. Оның алғашқы шығар­ма­сы көне мәтiндер мен бейiт­тердiң құлпытастардағы өлең­дердi негiзге алып жазған Дияр­бақырдық ақындар жинағы болды. Кейiн басқа да кiтаптары баспадан жарық көрдi.

Саудадан кейiнгi еңбек жо­лын мемлекеттiк мекемелерде хатшы болып бастады. Ол Диярбақыр, Салоники, Адана, Лесковик, Қыршаһар, Траблұс­шам, Елазығ, Ерзұрым, Яня, Ишқодра, Халеп және Йемен сияқты Осман патшалығының көптеген қалаларында қызмет iстедi. Кiтаптарға көбiрек көңiл бөлу үшiн 1908 жылы 51 жасында ол өз еркiмен зейнетке шықты.

Әли Әмiрi әпендi кiтап оқу­мен бiрге кiтап жинауға да аса құ­мар едi. Тарих, әдебиет, био­гра­фия және библиография са­ла­ларындағы құнды кiтаптар мен құжаттар барын естiсе, оларды сатып алмай тыныш таппайтын. Қол жеткiзген кiтапты, мүмкiн болса, iшпей-же­­мей үнемдеген ақшасына са­тып алып, мүмкiн болмаса, күн­дiз-түн демей, кiтаптың кө­шiр­месiн өзi жасап шығатын. Осы­нау әсiре кiтапқұ­марлық салда­ры­нан Әли Әмiрi әпендi үйлен­бе­дi, балалы-шаға­лы да бола алмады.

Зейнетке шыққаннан кейiн ол қалған өмiрiн Стамбулда, кiтап­тар арасында өткiзе бастады. Кешкiсiн қаланың зиялы қауымы көптеп келiп кететiн Диван­жо­лындағы Диярбақыр шайха­на­сына барып, достарымен әңгi­мелесiп жүрдi. Бұл жөнiнде док­тор Мұхтар Тауфи­коғлы былай дейдi: «Достары дегенiм оқушы­ла­ры, ашып айт­қанда оқушысы сияқты болып кеткен жора-жол­дастары. Бiрақ қандай оқушы­лар? Олардың әр қай­сысы өз са­ла­сында атаққа шыққан ғалым және ойшыл немесе кiтабы шыққан мықты жазушылар. Әң­гiме деп отырғаным да, жай әң­гiме емес, дәрiс. Жасы бiрта­лай­ға келiп қалған әлгi адамдар­дың барлығы да үйренуге ерек­ше құлшыныс танытатын оқуға жаңа түскен баладай Әли Әмiрi Әпен­дiнiң айналасын орап алып, ұдайы бiрдемелер сұраумен бо­лады. Кейбiр ғылыми мәселе­лер­дегi күдiктерiн сол сұрақтар­мен сейiлтуге ты­рысатын. Бiлме­ген деректер мен бұлақтарды Әли Әмiрi әпендiден сұрайтын. Жаңа кiтаптарды содан танып бiлетiн. Қорытып айтқанда, ай­на­­ласында­ғылар Әли Әмiрi әпен­дiден негiзiнен зор бiлiм алып жүрдi».

«Диуани лұғат әт-түрктi» табуы

Ол оқиға былай болған едi. Әли Әмiрi мырза өзi­­нiң сыралғы, сыйлас ада­мы са­хаф Бұр­ханға бiр күнi әдетiнше соғып:

– Бәке, бiзге жарайтындай кiтап қолыңа әлi түскен жоқ па? — деп сұрады.

– Әлеке, бiр кiтап келдi. Бiрақ иесi атасының құнын сұрап отыр. 30 лираға сатамын дейдi. Мұншама ақшаны, оқу-ағарту министiрлiгi бөлiп бермесе, екiнiң бiрi қалтасынан шығара алмайды ғой. Сосын министр­лiктен адам шақырттық. Олар 10 лираға арзиды деген едi.

Әли Әмiрi мырза кiтапты қолына алып көргенде, қуаныш­тан жүрегi жарыла жаздады. Бұл — Осман патша­лы­ғын­дағы дүйiм зиялы жұрт­­тың ғасыр­лар­дан берi атын ес­тiп, өзiн таба алмай жүр­ген «Диуани лұғат әт-түрк» де­ген бел­гiлi кiтап едi. Мұның әлемде бiр нұсқасы ғана бар, екiншiсi жоқ деп естiген. «Апыр­май, мынау сол бiрегей нұсқа болса керек», — деп ойлады.

Әли Әмiрi мырза iшкi тол­қуын әрең басып: «Бәке, өзiң қонаққа шай бергендi де қойып­сың ғой», — деп қалжыңға басып, сөз­дi басқа жаққа бұрды. Кi­тапты бiр олай, бiр бұлай ау­дарып, елемегендей болып: «Мах­мұд Қашғари деген кiм өзi?» деп сұрап қалды.

– Қайдан бiлейiн. Көп оқымыстының бiрi шығар.

– Дегенмен, кiтаптың аты кiтап қой. Бiр еңбек жазу үшiн көп уақыт жұмсалады. Осы кi­тап­тың да авторы көзiнiң майын тауысып талай уақытын жұмса­ған көрiнедi. Мұны мұқаба iшiн­дегi түрлi-түстi безендiрiлiп салынған өрнектерден аңғаруға болады. Оқу-ағартушылар 10 лира берген болса, мен 15 лира берейiн де алайын.

– Жоқ, болмайды. Иесi 30-дан кемге берме деп қасары­сып тұр.

– Оның денi сау ма? Үй емес, кiтап сатып жатқан жоқ па?

– Ол айтқаның жөн ғой. Бiрақ мүсәпiр бiр кемпiр.

– Кемпiр ме! Онда ақшаға мұқтаж болған жан десеңшi.

– Солай ғой. Ақша керек болмаса, кiм кiтап сатады?

– Онда, оған бiздiң септiгiмiз тисiн. Бұл кiтапты қалаған бағасы­на алайын.

Сыртқа шығып, төңiректегi достарын бiр-бiрлеп қыдырып, бiр-екi лирадан қарыз сұрап, ақырында қажеттi ақшаны жинады. Үш сары лираны сахаф­тың өзiне сыйға тартып, 33 лираға әлгi кiтапты сатып алды.

Үлкен толқу үстiндегi Әли Әмiрi әпендi алғашында кiтапты ешкiмге көрсеткiсi келмедi. Онысы — кiтапты қызғануынан, әрi оны жоғалтып алам ба деп сақтану едi. Сол кездiң атақты зиялылары Зия Гөкалп, Фуад Көпiрiлi сынды адамдарды да кiтапқа жолатпады. Кiтапты тек өзi жақсы көретiн шәкiртi Килистiк Рыфат әпендiге ғана көрсетiп жүрдi.

Әли Әмiрi әпендi сатып алған уақытта кiтап тозып, түбi түсiп, беттерi араласып кеткен бiр жағдайда едi. Кiтап беттерiнiң нөмiрлерi де болмағандықтан, парақтары түгел ме, кем бе — белгiсiз едi. Әли Әмiрi әпендi мұны анықтау жұмысын Килистiк Рыфат әпендiге тапсырды. Ол екi ай бойы кiтапты үш рет оқып шықты. Кiтаптың толық екенi анықталды. Килистiк Рыфат әпендi кiтаптың араласқан беттерiн орын-орнына қойып, беттедi. Әли Әмiрi әпендi осынау қызметiне сыйлық ретiне оған бiр үйiн тарту еткiсi келдi. Бiрақ, Килистiк Рыфат әпендi мұны қабылдамады. Кiтапты жария­лап, көпшiлiктiң игiлiгiне жарату — өзiне ең үлкен сыйлық болатынын айтты.

«Диуани лұғат әт-түрктiң» баспадан жарық кӨруi

Дегенмен Әли Әмiрi әпендi кi­тапты дереу жарияла­ғысы келмедi. Ол одан бұрын, кiтапты тап­қаны үшiн өзiне мақ­тау, ма­дақтау, марапатталу жа­са­луын күткен сияқты. Мұны да көп көр­ме­ген дұрыс болар. Өйт­кенi, өнер құрметтеумен көге­ре­дi, ас­қақтайды. Әли Әмiрi әпен­дi дү­ние-мүлiк пен мал жинауға онша мән бермейтiн. Оның күт­кенi тек құрмет пен марапаттау едi.

Кiтаптың баспадан жарық көруiн Зия Гөкалп та қалады. Ол Килистiк Рыфат әпендiге былай деп жүрдi: «Рыфат, мен ғашық­тық, махаббат деген нәрсенi бiл­мейтiн едiм. Бiрақ осы кiтапқа ғашық болдым. Оны көру үшiн не керек болса iстедiм, бiрақ көре алмадым. Дегенмен өзiме өзiм серт бердiм, бiз бұл кiтапты қолға түсiрейiк және дереу баспадан шығарайық. Осы қазынаның кiлтi сенде екенiн бiлемiн. Маған көмектес, осы кiтапты құтқарып қалайық. Бүкiл түркi мәдениетiне сыйға тар­тайық. Маған осының лажын айт!»

Расында бұл мәселенiң ше­шiмiн Килистiк Рыфат әпендi бi­летiн. Оның шешiмi, Бас уәзiр Тал­ғат Пашаның iске араласып, Әли Әмiрi әпендiден осы кiтапты жариялауын сұрауы едi. Бiрақ мұны қалай iске асыруға болатын едi? Зия Гөкалп бұл мәселеде «Иттихат ве Теракки» (Ынтымақ­тас­тық және Даму) партия­сын­дағы әрiптесi Бас уәзiр Тал­ғат Пашаны көндiре алатынын айтты.

Сөйтiп жоспар iске асырыл­ды. Әли Әмiрi әпендiнi жақын жолдасы заң министрi Ибраһим мырза үйiне шайға шақырды, Бас уәзiр министрдiң үйiне кездей­соқ келе қалғансыды. Таныстыру кезiнде үй иесiнен Әли Әмiрi әпендiнiң атын естiген лауазым­ды адамдар, атап айтқанда Бас уәзiр Талғат Паша мен қасында ерiп келген бiрнеше министр дүр етiп орындарынан қайта тұрды. Алдымен Талғат Паша Әли Әмiрi әпендiге жақын келiп: «Тақсыр ұстаз, сiздiң қасиеттi қолыңыз­ды сүю абыройына ие болғым келедi», — деп, қайта-қайта қо­лын сүйдi. Өзге министрлер де со­лай iстедi. Әли Әмiрi әпендi осы кездесудi кейiн жолдас­та­рына былай деп әңгiмеледi: «Мен сол түнi бәлкiм 33 рет астапы­рал­ла дедiм. Мен «астапыралла, қойыңдар» деген сайын олар қолымды, шапанымның етегiн сүю­ге ұмтылды. Осы рәсiмнен кейiн ешбiреуi отырған жоқ. Түрегеп қол қусырып тұрды. Мен өзiмдi Патша Сүлеймендей се­зiн­сем де, олардың менi осын­ша­ма қошаметтеуiнен мазасыз­данып: «Өтiнемiн, отырыңыз­дар», — дей бердiм. Ақырында олар отырды. Менен рұқсат алып, та­рих және әдебиетке қатысты сұ­рақ­тар қойды. Мен жауап бер­дiм. Олар маған алғыстарын жаудырып жатты…»

Осы кездесуде Бас уәзiр Талғат Паша «Диуани лұғат әт-түрк» турасында мәлiмет алды. Әли Әмiрi әпендi мәлiмет бер­ген­нен кейiн, Талғат Паша орны­нан тұрып, осы әйгiлi еңбектi жариялауға рұқсат етуiн сұрады. Әли Әмiрi әпендi мұны шартты түр­де қабыл алды. Оның шарты — еңбектi баспаға Килистiк Рыфат әпендi ғана дайындасын дедi. Оның бұл талабын қабыл ал­ған Талғат Паша сонымен қатар оған өзiн жоғары деңгейде бiр қызметке тағайындау туралы ұсыныс жасады. Бiрақ Әли Әмiрi әпендi оны қабылдамады.

«Диуани лұғат әт-түрк» садақасы

Кiтапты баспаға дайындау жұмыстары бастал­ған­нан кейiн Талғат Паша Әли Әмiрi әпендiге 300 лира сыйлық жiбердi. Әли Әмiрi әпендi бұл сыйлықты қа­былдамады. Оның орнына мына­дай ұсыныс жасады: “Қадыр бiл­гендiгiңiзге рахмет айтамын. Бi­рақ бұл ақ­шаны қабылдай ал­маймын. Өйткенi оны қабылдаған уақыт­та, отаныма, елiме iстеген там­шыдай қызметiме ақы алған бо­ламын. Бұл менiң ар-ожда­ныма ауыр тиедi. Сондықтан, рах­мет айта отырып, ақшаны қай­тардым. Сiз осы ақшаны мұқ­таж болып отырған ар-намысы бар кедей отбасыларға тара­тып берсеңiз — мен де, Құдай да риза болмақ. Бұл садақаның аты — «Диуани лұғат әт-түрк садақасы» болсын».

Килистiк Рыфат әпендiнiң кiтапқа кӨрсеткен үлкен құрметi

Килистiк Рыфат әпендi кiтап­ты баспаға дайын­дау үшiн Әли Әмiрi әпендiден алды. Алуын ал­ған­мен оны қоятын жер таба ал­мады. Жоғалтып алу­дан қорқып, сақтайтын қауiп­сiз жер iздедi. Ал­дымен ұлттық кiтапханаға апарды. Кiтапха­наның бастығы үзiлдi-кесiлдi қарсы болды: «Күнiне жүздеген оқушы келiп-кетедi. Бiреу оны алып кетiп қалса, мен қайтып жауап бе­ремiн. Кешiрiңiз, ала алмаймын», — дедi. Бұдан кейiн Вефа атын­дағы орта мектепке барды. Осы мектептiң темiр сейфi бар едi. Мектеп дирек­торы Акиф мырза: «Бұл үлкен жауапкершiлiк, кө­тере алмай­мын», — деп, маңына жо­лат­пады. Ол жерден қалалық оқу ағарту ме­кемесiнiң бухгал­те­рия­сына барды. Бухгалтер Сытқы мырза да темiр сейфiне кiтапты сақтай алмайтынын айтты. Одан үмiт үзгеннен кейiн, қалалық баспа­хананың сейфiне қойғысы келдi. Бiрақ баспаның дирек­то­ры Хамит мырза: «Жоқ, әсте бол­майды. Бiздiң баспахана ағаш­тан жасалған. Өрт шығып жатса, кiтап жанып күл болса, менi дарға астырасың. Алмай­мын, басқа жаққа апар», — дедi.

Ақыры, Килистiк Рыфат әпен­дi кiтапты бiр қалтаның iшiне салып, үйде ұстауға мәжбүр болды. Қабырғаға үлкен шеге қаққызып, соған iлiп қойды. Бала­ларын күзетке тұрғызды. Өрт бола қалған жағдайда, алдымен осы кiтапты сыртқа шығаруларын тапсырды. Түнде әлгi қалтаны жастығының астына қойып ұйықтады. Сөйтiп, бiр жарым жыл дегенде, кiтап баспаға дайын болды.

«Диуани лұғат әт-түрк» тура­сын­дағы маңызды бағалау­лар­дың бiрiн тағы Әли Әмiрi әпендi жасады: «Бұл кiтап емес, Түркi­стан елi. Түркiстан емес, бүкiл әлем. Түркi мәдениетi, түркi тiлi осы кiтап арқылы басқаша жар­қы­райтын болады». Тағы бiр сө­зiнде «түркi тiлiнде бүгiнге дейiн осындай екiншi бiр кiтап жазыл­ған жоқ. Бұдан кейiн де жазылуы мүмкiн емес. Бұл кiтапқа шынайы баға беру керек болса, дүниенiң қазыналары оны жасай алмай­ды», — дейдi.

Әли Әмiрi әпендi бүкiл кiтаптарын ұлтына сыйлайды

Әли Әмiрi әпендi бүкiл сана­лы өмiрi бойына азаптанып, шы­ғын­далып жина­ған аса құнды қолжазба кiтап­тары мен құжат­тарын, ақы сұра­май, ұлтына тар­ту еттi. Сол үшiн Стамбулдың Фа­тих ауданын­дағы Файзолла әпен­дi медре­се­сiн кiтапханаға айналдырды да, оның бүкiл кi­таптарын осында орналас­тыр­ды. Жора-жол­дас­та­ры мен та­мыр-таныстарының өтiнiшiне қа­ра­мастан, бұл кiтап­ханаға өзiнiң аты берiлуiне үзiлдi-кесiлдi қар­сы болды. Ол кiтап­хананың «Мил­ләт (Ұлт) Кiтап­ха­насы» деп ата­луын қалады. Мiне бұл, оның ұлтына риясыз қызмет етуiнiң нақты көрiнiсi болып табылады.

Қазiргi таңда күнiне жүзде­ген оқырман пайдаланып жүрген осы кiтапханаға Әли Әмiрi әпен­дi 4.500 қолжазба кiтап, 12 мың бас­па кiтап, жалпы 16.500 кiтап сыйлаған-ды. Солардың iшiнде аса құнды кiтаптар мен құжат­тар да баршылық. «Диуани лұ­ғат әт-түрк» осылардың бiрi. Ке­­зiнде Венгрия Ғылым Акаде­мия­сы «Диуани лұғат әт-түрктi» са­тып алу үшiн 10 мың алтын бер­генде, Әли Әмiрi әпендi iркiл­мес­тен керi қағып, былай деген: «Мен бұл кiтаптарды ұлтым үшiн жи­надым. Дүниенiң бүкiл алтын­дарын алдыма қойсаңдар, «Диуа­­ни лұғат әт-түрк» түгiл, қайсы бiр кiтабымның бiр тал парағын да айырбастамаймын. Менiң ендiгi ар­маным — осы кi­тап­тарды халқымның ұл-қыз­дары пайдаланып жүргенi».

Осыған ұқсас, тiптi мұнан да тартымды басқа бiр ұсыныс Фран­циядан жасалды. Француз­дар Әли Әмiрi әпендiнiң бүкiл кi­тап­тары үшiн 30 мың алтын, со­ны­мен бiрге оның атына Париж­де бiр кiтапхана ашу, жоғары ай­­лық, өзiне жеке қызметкерлер та­ғайындауды ұсынды. Әли Әмiрi әпендi бұны да ойланбастан керi қақты.

Ұлттық мәдени мұраның сақ­талуында осыншама сезiмтал болған, әр түрлi материалдық мүд­­делердi iркiлместен керi қаққан Әли Әмiрi әпендi үш күн ауырып төсек тартып жатқан­нан, кейiн 1924 жылғы 23 қаңтар күнi көз жұмды. Ол, Стамбул­дағы әй­гiлi Фатих мешiтiнiң зиратына жер­лендi. «Диуани лұғат әт-түрк» авторы Махмұд Қаш­ғари­дiң мың жылдығы тойланатын бұл күндерде Әли Әмiрi әпендiнi де еске алып, «Жатқан жерi торқа болсын! Барған жерi ұж­мақ болсын!» деймiз. Ұлтына қа­рым­тасыз қыз­мет еткен Әли Әмi­рi әпен­дiнiң есiмiн тек түрiк хал­қы ғана емес, бүкiл түркi дүниесi мәң­гiлiк жүрегiнде сақтайды.

Стамбул

Bir cevap yazın

Your email address will not be published / Required fields are marked *

Bu site, istenmeyenleri azaltmak için Akismet kullanıyor. Yorum verilerinizin nasıl işlendiği hakkında daha fazla bilgi edinin.