НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ: СЫРТТАҒЫ АҒАЙЫН ӘРДАЙЫМ КӨҢІЛІМІЗДІҢ ТӨРІНДЕ

Әбдуақап ҚАРА, тарих ғылымдарының докторы, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры:
– Биыл Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтанға 22 жыл, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың туғанына 80 жыл толып отыр. Екеуі Қазақстан тәуелсіздік тарихында және дүниежүзі қазақтарының тарихында ерекше орынға ие. Нұр-Сұлтан қаласы бүгінде Қазақстан тәуелсіздігінің символы және ұлы табысы. Өйткені қысқа уақытта қазақ халқы Арқаның төсінде заманауи және әлемге үлгі боларлық әдемі қала салды. Әлемде бұл некен-саяқ кездесетін құбылыс. Сонымен қатар бұл Ұлы дала мәдениетінің бүгінгі өкілі болып саналатын қазақтардың қала мәдениетін де мықты меңгергенін әйгілеп отыр. Бұған дейін қазақтар және оның арғы аталары тек мал соңында жүрген көшпенді халық ретінде көрсетілді. Бұл қате пікір еді. Өйткені түркілер ежелгі тарихтан әрі көшпелі, әрі отырықшы халық еді. Оның бірсыпырасы көшіп-қонып жүріп мал бақса, екінші бір бөлігі қала салып, жер жыртып, егіншілікпен және саудамен айналысқан еді. Міне, бүгін қазақтар мұның екеуін де бірдей табыспен іске асырған дара түркі халқы болып отыр.
Елбасының дүниежүзі қазақтары, оның ішінде Түркия қазақтары үшін айрықша орны бар деп бекерден-бекер айтпадық. Елбасы Н.Назарбаев 1991 жылы Стамбұлда Түркия қазақтарымен арнайы кездесіп олардың арман-мақсаттарын тыңдаған. Сол кезде ондаған жылдар Отанынан, елінен алыста жүрген түркиялық қазақтар өшкені жанып, өлгені тіріліп, Елбасымыз келді деп қуаныштан жарыла жаздаған еді. Содан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы бір жыл өтпей жатып, Алматыда дүниежүзі қазақтары құрылтайын өткізді. Сол кезде көптеген шетел қазақтарының табаны бірінші рет атамекенге тиді. Ол – Түркия қазақтарының есінен ешқашан кетпейтін тарихи сәт. Түркияда Елбасының беделі, даңқы қазіргі таңда өте жоғары.
Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Елбасы Қазақстанды Еуразияның жарқыраған жұлдызды шағына жетелеген көреген басшы, табысты жетекші ретінде танылуда. Екіншіден, Түркі дүниесі ынтымақтастығының көшбасшысы ретінде құрметтеледі. Сондықтан Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның ұсынысымен Елбасын Түркі мемлекеттер ынтымақтастығы Кеңесінің (Түркі кеңесі) құрметті төрағасы ретінде сайлады. Үшіншіден, Ресей мен Түркия арасындағы ұшақ апатына байланысты салқындық кезінде дәнекерлік жасады және төртіншіден, Астана кездесулерін ұйымдастыру арқылы Сирия мәселесінде тараптардың басын қосып бір ымыраға келтіргені үшін жоғары бағалануда. Бұл да түптен келгенде Түркия қазақтарының да беделін көтеруде. Сонымен қатар Түркия және Еуропа елдеріне барған сапарларында сондағы диаспора өкілдерімен кездесулер ұйымдастыратын.
Сондықтан осы 80 жылдықта Елбасыға «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрметті төрағасы» атағы берілсе құба-құп болар еді. Міне, мені атажұртпен осындай ірі тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалар байланыстырып тұрады.
– Әуелі Қазақстанда диаспора саясаты жоқ. Сондықтан Қазақстан ең бірінші диаспора саясатын белгілеуге күш жұмсауы керек. Оның концепциясы – диаспораны қазақ елінің мүддесіне бейімдеу. Ашығын айтқанда диаспораны қазақ елі мәңгі ел етуге үлес қосатын күшке айналдыруға бағытталуы керек. Бүгінге дейін Қазақстан диаспора саясаты дегенді, оларды елге көшіріп әкелу, яғни көші-қон саясаты деп қана қолданып келді. Бұл да керек, әрине және ол кең ауқымды диаспора саясатының өзі емес, бір бөлігі ғана болуы тиіс. Сосын елге көшіру саясаты емін-еркін өмір сүрген қазақи салт-дәстүрін, атамекенмен байланысын кедергісіз жалғастырып келе жатқан елдердегі қазақты емес, тілі, діні құрып бара жатқан қазақты, яғни ұлттық болмысын жоғалтып алуға таяған елдердегі қазақтарды көшіріп әкелуге бағытталғаны жөн деп есептеймін.
– Түптеп келгенде, шетелдегі қазақ диаспорасы ұлттық рухты күшейтеді. Келешекте Қазақстанның елдік мүддесіне қызмет ететін болады. Өйткені ана тілін білмеген қазақтан Қазақстанға пайда келмейді. Сонымен қатар қазақ диаспорасы атамекенін де жақсы танып-білгені жөн. Өйткені елін білмеген диаспора Қазақстанға қызмет ете алмайды. Ең бастысы олар тұрған елдерінің ғылыми-техникалық жетістіктері мен тәжірибесін атажұртқа апарды. Инвестиция тартуға септігі тиеді. Олар шетелде жүріп те қазақ елінің ұлттық имиджін көтере алады. Бірақ атажұрттағы елдің жағдайын білмесе, оған не керек екенін түсінбесе, пайда жоқ. Сондықтан да шетелдегі қазақтар Қазақстанға көшпей тұрып та мықты қарым-қатынаста болғаны жөн.
– Диаспора саясатында шетелдердегі қазақ мәдени орталықтарының іс-шараларын, кітап шығару, журнал-газет шығару, ақпарат құралдарын қолдау сынды нақты қолдау көрсетілуі қажет. Бүгінге дейін мұндай нақты қолдау болмай келе жатыр. Алайда бұл өте маңызды жайт. Мәселен, қазір Стамбұлда Қазақ білім және зерттеу қоғамы деген ұйым бір пәтерді жалға алып отыр. Айына 500 доллар төлейді. Қоғамның ешқандай кірісі жоқ. Бір-екі адам қалтасынан беріп отыр. Бірақ қашанғы береді? Сондықтан қоғамдық ұйым соны ай сайын төлеуге қиналып отыр. Бәлкім, бір-екі жылдан кейін ол жабылып та қалатын шығар. Қазақ және түрік тілдерінде жарық көретін тоқсандық «Қазақ елі» журналын да қиыншылықпен шығарып келеді. Ол да кейін тоқтап қалса таңғалмаймын.
– Осы орайда диаспора саясатын мықты белгілеуде ең маңыздысы Қазақстанда қазақ диаспорасын зерттеу орталығы болу керек. Қай елде қанша қазақ тұрады, олардың жас мөлшері, сауаттылық деңгейі, кәсібі, мамандықтары сияқты әр елдегі қазақтардың ерекшеліктерін зерттеп білетін мамандар болуы керек. Өйткені бір ел диаспорасын жіті танып-білмесе, қалай диаспора саясатын белгілейді? Қалай олардың күшін ел мүддесіне жарата алады? Міне, сондықтан да халқының үштен бір бөлігі шетелде өмір сүретін Қазақстанға диаспора зерттеу орталығы ауадай қажет. Сонда ғана шетел қазағы ұлттық болмысын сақтап, қазақ елінің мүддесіне кәдеге жарату жөнінде ұтымды саясат жүргізуге болады. Шетелдегі жалпы 5 миллионнан астам қазақты Қазақстан мүддесіне қызмет ететін жағдайға көтеру деген сөз – Қазақстанның болашағы үшін жүргізілген елдік нысана-мақсаттарын нақты іске асыра алады деген сөз. Сондықтан бұл Қазақстан үшін стратегиялық қадам.
Türkistan gazeti, 2 Temmuz 2020
https://turkystan.kz/article/110579-n-rs-ltan-nazarbaev-syrtta-y-a-ajyn-rdajym-k-ilimizdi-t-rinde