Орта Азиядан шыққан дара диссидент Махмет Құлмағамбетов: Мен Қазақстан тәуелсіздік алған соң ақталдым!

Кеңестік жүйенің ыдырап, бүгінгі тәуелсіз мемлекеттердің жеке шаңырақ көтеруіне сол кездегі идеологияға қарсы күрескен диссиденттердің қосқан рөлі ерекше. Саяси қысымға қарамастан шыбын жанын шүберекке түйіп, қатаң жүйе мен қасаң идеологияға тайсалмай қарсы шығу – асқан ерлік. Тіпті аймақта демократияның орнауына осындай қайраткерлердің қызметі аза зор болғанын атап өтуіміз ләзім.

Бүгіндері алыста қалған қанды идеология туралы екінің бірі сын айтып, жау кеткен соң қылышын тасқа жұмсаушылар қарасы көбейіп келеді. Әрине бұл қуанарлық жайт… Бірақ кеңестік кезеңде, әсіресе оның қылышынан қан тамып тұрған 60-жылдары,саяси жүйеге қарсы шығу кез келген адамның қолынан келмейтін іс екені анық. Өйткені, біріншіден, ол кезде идеологияның кемшілігі мен қатерлігін көре білу үшін де ерекше білім, түйсік және дарын қажет-ақ. Екіншіден, көре білген, тани түскен қауіптіашық айту, күресу үшін де жүрек жұтқандық керек еді. Сондықтан коммунизм құрсауында қалған елдерден мұндай қарағайға қарсы біткен бұтақ сынды саналы жандардың бас көтеруі екіталай болатын.


Бұл күндері КСРО диссиденттері туралы зерттеулерде аспан астын жаулаған Кеңес одағында идеологияға қарсы шыққан небары жүз шақты қайраткердің ғана есімі айтылып жүр. Бұл тізімде түркі тілдес халықтардың ішінен шыққан Қырым татарыМұстафа Әбдіжеміл Қырымоғлының аты аталуда. Ал Орта Азиядан бірде-бір қайраткердің есімі жоқ. Ал біз әңгіме еткелі отырған және КСРО-дан шыққан диссиденттер туралы зерттеулерден қалыс қалған қазақ – ортаазиялық диссиденттердің ең көрнектісі. Себебі Махмет Ибадоллаұлы Құлмағамбетов соңына мол мұра қалдырып кетті. Құлмағамбетов жайында, өз мақалаларынан басқа, деректер көптеген еуропалық газеттер мен журналдарда орыс, француз, ағылшын тілдерінде жарық көрді…