ҚАЗАҚ ЕЛІ ОСЫДАН ЖИЫРМА ЖЫЛ БҰРЫН ЕҢ ОПТИМИСТ САЯСИ САРАПШЫЛАР БОЛЖАЙ АЛМАҒАН ТАБЫСТАРҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ
Батыс елдері үкіметтері де КСРО-ның жылдам ыдырауын алдын ала болжамағандары белгілі. Сондай-ақ, ішінде АҚШ-та бар, олар Орталық Азияға байланысты ұстанымдарын бастапқыда толық айқындап үлгермеген еді. Сондықтан, саяси сарапшылар АҚШ және батыс елдері үшін осы жаңа дәуірдің бас кезінде үлкен қателіктер жібермеуге абай болудың аса маңызды екенін атады. Олардың кейбіреулерінің пікірінше, батыс елдері тез арада сол аймақта демократия орнатамыз деп уақыт пен мал-мүліктерін ысырап етіп алмаулары керек. Дегенмен де, аталған сарапшылар батыс құндылықтарының өлшеулі және достық негізде көтерілгені жөн болатынына, батыс елдері көмектерінің аймақта батыстық үлгідегі институттардың құрылуы шартымен жасалмауы тиістігіне баса назар аударды.
Германияның Мюнхендегі «Азаттық» радиосының зерттеушісі Бесс Браун 1992 жылы жазған мақаласында Кеңестер Одағының ыдырауына байланысты Орталық Азия елдерінің де тәуелсіз елдер атануға дайын болмағандарын айтты. Оның пікірінше, өңір елдерінде ешбір адам психологиялық, саяси және экономикалық тұрғыдан бұған дайын емес еді. Олардың төртеуі тәуелсіздіктерін әлдеқашан жариялап алған еді, алайда орталықтың өз-өзін тарқатуы әсте күтілмеген оқиға болды. Сондықтан, тәуелсіздіктің алғашқы жылында Орталық Азия елдеріне бұрындары тәжірибелерінде болмаған егемен мемлекет құру іс-қимылдарымен айналысуларына тура келді.
Атақты Колгейт университетінің профессоры, Сыртқы саясат зерттеулер институтының қызметкері және «Қазақтар» атты монографиялық еңбектің авторы Марта Брил Олкот Орталық Азия елдеріне тәуелсіздіктің ешқандай күрес жүргізбестен оңай олжа ретінде келгендігін меңзеді. Зерттеуші өзінің 1992 жылы жарық көрген «Орталық Азияның болашағы» атты мақаласында жоғарыда айтылған ойын төмендегіше сабақтады: «… Орталық Азия халықтарына тән қасиеттің бірі, олардың Кеңес Одағының ыдырауынан бұрын тәуелсіздік үшін ашықтан-ашық ұмтылыс пен талпыныс жасағанын көрмейсіз. Аталған аймақ халықтарының бостандық үшін күрес жүргізбеулері, олардың тәуелсіздікті қаламағандықтарынан емес. Дей тұрғанмен де, олар тәуелсіз ел болу мүмкіндіктерінің бар екеніне сенген жоқ».
1993 жылы “Жаңа дағдарыс аймағы” деген Лондонда жарияланған кітабында Орталық Азия бойынша британдық зерттеуші ғалым Ширин Акынер де тәуелсіздікке ұлт-азаттық күресінің нәтижесінде қол жеткізбеген Орталық Азия елдерінің жаңа дәуірдегі қиыншылықтарды жеңу барысында халыққа күш-жігер беретін, олардың ынтымақтастығын күшейтетін күрес қиыншылығын бастан өткізген қаһармандары, жеңіс ұрандары немесе мерекелік атап өтетін күндері болмайтындығын тілге тиек етті.
Бесс Браун болса, жоғарыда айтылған мақаласында Орталық Азия халықтары өздерінің саяси қайраткерлерінің және зиялы қауымының тәуелсіздік жөніндегі тебіреністеріне қаншалықты қосыла алғаны жөніндегі сұраққа жауап іздейді. Ол халықтың бетпе-бет келген қиыншылықтарға байланысты толық қуанышқа бөлене алмай отырғанын төмендегіше түсіндіруге тырысады: «…Экономикалық құлдырау әкелген тұрмыстық деңгейдің нашарлауы тым болмағанда кеңестік шаруашылық құрылымының қайта қалпына келтірілуін армандауға әкеліп соқтырды. Тәуелсіздік ұғымы туралы түсініктің жалпы жоқтығына қоса, ұлт болу, Қазақстан немесе басқа да бір елдің азаматы болу туралы түсініктің болмауы жағдайды күрделендіріп жіберді. 1992 жылы Орталық Азия елдерінде бір ұлттың, тіпті бір этностық топтың аймақтық, рулық немесе жеке адам үстемдігін алмастыру барысында қарқынды ілгерілеуі болған жоқ. Осы себептен, тәжік ұғымына басымдық беріп отырған Тәжікстанның оңтүстік аймақтарын күйреткен қақтығыс бұрқ ете түсті».
Ал Олкотт болса, 1992 жылы қарама-қайшы пікір айтып, тәуелсіздікке бүкіл Орталық Азия халықтарының қолдау танытып отырғанын құлаққағыс етті. Оның пікірінше, тәуелсіздік оларға көз жазып қалған мәдени және тарихи құндылықтарын қайтарып алуға мүмкіндік береді. Б.Браун Орталық Азия халықтарының ішінде тәуелсіздіктің қазақтар үшін ерекше маңызға ие екенін, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы Қазақстанның тәуелсіздігін жариялаған күнге дәл келіп отырғанын байланыстыра сөз саптайды.
Ыдыраған КСРО-ның орнына ТМД-ның Қазақстанда әлем сахнасына келуі батыс елдері сарапшыларының назарын аударды. Атап айтқанда, «The Wall Street Journal» газеті 1991 жылғы санында Алматы қаласында бас қосқан Грузия мен Балтық жағалауы үш елінің тысындағы он бір елдің басшылары ТМД ұйымын құрған құжатқа қол қойғанын ерекше атады. Аталған газеттің хабарлауынша, олар жиналысқа шақырылмаған КСРО Президенті М.С.Горбачевке ешқандай қызмет ұсынбады. Ресей Президенті Б.Н.Ельцин ТМД-ны құру туралы құжатқа қол қою үрдісін тарихи оқиға деп атады. Ол, сонымен қатар, басты қағидат ретінде әрбір елдің орталықсыз, тәуелсіз ел екенін тану дегенді айтты.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джеймс А.Бейкер бастапқыда осы жаңа құрылымның өміршең еместігі туралы ойда болған. Бұрынғы КСРО елдерінде бір апталық сапарда болып қайтқаннан кейін Вашингтонда сөйлеген сөзінде ол ТМД-ның ұзақ уақыт өмір сүру жөніндегі мүмкіншілігінің аз екендігін атап өтті. АҚШ сыртқы саясат мекемесінің басшысы, мұнымен қоса, АҚШ үкіметінің оншақты тәуелсіз мемлекетпен жеке-жеке бөлек саясат жүргізуіне тура келетінін де айтқан болатын. Оның пікірінше, қазір бұрынғы КСРО республикаларының тәуелсіздік идеясымен мас болғандары соншама, олар жеке бөлінудің шынайы беделін сезінгенге дейін ортақ шаруашылық және ортақ әскери саясаттары болған қандай да бір толыққанды қауымдастықта ынтымақтаса жұмыс жүргізе алмайды.
Бүгінгі таңда Орталық Азия елдері бүкіл әлемге белгілі болып отыр. Бірақ, олар 1991 жылы тәуелсіздік алғанға дейін КСРО-ның көлеңкесінде қалған әлемге беймәлім елдер еді. Осы мәселеге баса назар аударған Джеймс Чавин «Тәуелсіз Орталық Азия» мақаласында ойын былай сабақтайды: «…1991 жылғы желтоқсан айынан бұрын Орталық Азия республикалары Батысқа шынымен де беймәлім елдер еді, тек Кеңес Одағының алыс түкпірлерін зерттейтін аз ғана филологтар мен тарихшылар білетін. Картографтар өздерінің карталарына жалпы елу миллион халқы бар Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан секілді бес елді жедел түрде қосулары керек».
Орталық Азияның кеңестік дәуір кезеңінде әлемнің басқа елдерінен оқшау қалғандығын 1992 жылы “Current History” журналында жарық көрген «Орталық Азияның ортаға шығуы» атты мақаласында Джордж И.Мирский былайша сипаттайды: «…әлемнің ең ескі елді мекендері бой көтерген аймақтарының бірі және де ең көне, сондай-ақ айтарлықтай дамыған өркениеттеріне отан болған Орталық Азия өткен жылға дейін көп адамға қиыр және ешкімге қызықты емес қарғыс атқан мекен ретінде елестейтін. Бұл көзқарас өткен жылы КСРО-ның ыдырауымен өзгерді. Бұл аймақ ендігәрі бұрынғы КСРО территориясының ең үнсіз және төзімсіз аймағы емес».
Батыс елдерінің саяси шолушылары тәуелсіздікке қол жеткізген Орталық Азия елдерінің келешегінің не болатыны жөніндегі сұрақтарға жауап іздеген. Мәселен, Колгейт университетінің профессоры Марта Брил Олкотт Орталық Азияның жаңа тәуелсіз мемлекеттерінің әлемдік қоғамдастықтың толыққанды мүшесі болатындығына күмәнмен қарады. Ол «Орталық Азия өз жолында» атты 1991 жылдың 21 желтоқсанында жарияланған мақаласында КСРО-ның ресми ыдырауынан кейін бұрынғы КСРО республикаларының, оның ішінде, әсіресе, Орталық Азия республикаларының тәуелсіздіктерін жариялауы мен заң жүзінде халықаралық тұрғыда танылулары олардың тұтастай егемен елдерге айналуына жеткілікті емес. Себебі, олардың ұлттық валютасы, ұлттық экономикаларын басқару қабілеттері, сондай-ақ өздерінің ТМД елдері ішіндегі және сыртындағы шекараларын бақылау қауқарлары жоқ, деп жазды.
Ширин Акынердің тұжырымдауынша, қандай да бір жаңа мемлекеттің келешегінде бұлыңғырлықтар болуы заңды құбылыс, бірақ Орталық Азия республикаларының тағдыры туралы сұрақ белгілері әдеттегіден көбірек.
Саяси сарапшылар Орталық Азия елдері ішінде Қазақстанның этностық қақтығыстар салдарынан бөлшектену ықтималдығына баса назар аударды. Қазақстанда этностық қақтығыстар және көршілес Орталық Азия елдерімен болатын келіспеушіліктер салдарынан бөлшектену қаупі бар екенін көлденең тартқан В.Поп қазірдің өзінде Тәжікстанда азамат соғысы жүріп жатқанын назарға алып, аталған аймақта ислам фундаментализмінің күшейе түсіп отырғанын және Қазақстанның Ресеймен келіспеушілікке ұрынуының да әбден ықтимал екенін атап көрсетті. Ол 1993 жылы “US News and World Report” журналында жарық көрген мақаласында: «…бүгінгі таңда орыс-қазақ байланыстары, жұмсартып айтқанда, бұлыңғыр. Қазақтар орыстарды ұлы халық ретінде емес, бағы тайған халық ретінде көріп отыр. Қазақтар, бұрынғы отарлаушы ел болған Ресейге астықты экспорттық өнім ретінде сатуда. Ұлғайып келе жатқан этностық теке-тірестер тікелей қақтығыстарға себеп болады. Қазақстанда жүзден астам ұлт өкілдері тұрып жатса, ұлт құраушы қазақтар халықтың 42 пайызын, орыстар оларға жақын – 40 пайызды құрайды. Ішінде Ресей вице-президенті А.Руцкой да бар кейбір орыс ұлтшылдары ресми Мәскеу орыс тілділерді, керек болған жағдайда, күш қолдана отырып қорғауға міндетті дегенді алға тартып отыр», деп жазды.
1994 жылдың 14 ақпанында «Washington Post» газетінде шыққан мақаласында Фрэд Хият Қазақстанның көк мұз құрсаулаған суық елді мекендерінде тұрақтылықтың кейбір нәзік жақтарының бар екенін көру қиын емес деген пікір білдірді. Қазақстан экономикасы дағдарыста екенін айтқан ол: «…жанар май табылмайды, шахтерлер мен фермерлердің жалақылары төленбейді, зауыттар жұмыстарын күрт азайтқан, тұрғын үйлердің көбісіне жылу мен ыстық су берілмейді. Сондықтан да, айтарлықтай артта қалған Қазақстан Ресейге тәуелді болып отыр», деп жазды.
Пәкстандық журналист А.Рашид 1994 жылы жарық көрген “Орта Азияның тірілуі исламшылдық па, ұлтшылдық па” атты кітабында мұндай келеңсіз ахуалдарға қарамастан, Қазақстанның басқа Орталық Азия елдеріне қарағанда шаруашылық саласында өте ұтымды саясат белгілегенін назардан тыс қалдырмады. 1992 және 1993 жылдары Орталық Азия елдерінің шаруашылық дамуының негіздерін белгілі бір мөлшерде қалап үлгергенін айтқан А.Рашид Қазақстан мен Қырғызстанның осы орайда дұрыс бағыт таңдағанын көрсетті. Ол Қазақстанның шаруашылық жүргізудегі рөлін былайша сипаттады: «…осы кездегі Қазақстанның таңдаған ұзақ мерзімді экономикалық саясаттарының келешегі жарқын. Елдің тәуелсіздіктен кейін қабылдаған шешімдері шаруашылық табыс үшін дұрыс жол болып табылады. Міне, сондықтан Президент Н.Назарбаев 1994 жылдың наурызындағы парламенттік сайлауларды реформа үдерісін жеделдету жөнінде халықтың өзіне қолдауы деп бағалады».
Ал, Өзбекстан мен Түркіменстан болса, А.Рашидтің пікірінше, бұрылыстары өте қиын болатын қате жолға түссе, Тәжікстан КСРО кезеңінен кейінгі экономикалық бағытын әлі белгілей алған жоқ.
Батыс сарапшылары өткен кезеңде тәуелсіз мемлекеттік тәжірибесі болмаған Орталық Азия елдерінің әлемдегі күш тепе-теңдігіне қауіп төндіретіні жөнінде тұжырымдар жасады. Борис З.Румер 1993 жылы мысал ретінде жақын тарихи кезеңде халықаралық саясатта тәуелсіз актер мәртебесіне ешуақытта ие болмаған олардың енді өздерінің геосаяси бағыттарын белгілеуге кірісетінін мәлімдеді. Соның нәтижесінде, таяу келешекте Қытайдан Парсы шығанағына дейінгі аймақта саяси және әскери тепе-теңдіктің өзгеру қаупі туындайды, деді ол.
Осы ретте, батыс елдерінің кейбір саяси сарапшылары Орталық Азия аймағының таяу арада Ресей, Қытай, Иран, Түркия, араб әлемі және батыс үлгілеріндегі демократия мен адам құқықтары тараптарының өзара ықпал ету жарысына түсетінін болжамақ болды. Олар Орталық Азияның жаңа тәуелсіз болған республикаларының өсуіне және бұл жерге әсер ету үшін жасалған халықаралық күрестің шешуші кезеңіне куәлік етіп отырғандықтарын тілге тиек етті. Олардың пайымдауынша, бұл елдер бір таңдаудың алдында тұр, не экономикалық көмек үшін бір елдің ықпалына асығыс кіріп, қайтадан отар елге айналады, я болмаса мәселелерін өздерінің күші арқылы шешіп, тәуелсіздіктерін баянды түрде жалғастырады.
Қалай десек те, әлемде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жасалған тұжырымдар көбінесе Орталық Азия елдерінің келешегінің бұлыңғыр екенін, сондай-ақ мемлекеттік тәжірибесі жоқ осы елдердің исламдық фундаментализмнің ықпалына түсіп, халықаралық тепе-теңдікке қауіп төндіретінін, этностық қақтығыстар салдарынан, әсіресе, Қазақстанның бөлшектенуге бейім ел екендігін көрсетті. Алайда, сол уақыттан кейінгі өткен жиырма жыл бұл тұжырымдарды жоққа шығарды. ТМД елдерінде Қазақстан экономикалық реформалардың көшбасшысы, әлемде ядролық қарулардан өз еркімен бас тартқан, адамзат тарихында әлемдік діндер жетекшілерінің басын қосып, діндер құрылтайын өткізген және ЕҚЫҰ-ға посткеңестік елдер мен түркітілдес елдер арасында төраға болған тұңғыш ел болып, кең ауқымды табыстарға қол жеткізді. Сонымен қатар, Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркітілдес елдер ынтымақтастық кеңесі секілді маңызды халықаралық ұйымдардың бой көтеруінде жетекші рөл атқарды. Сөйтіп, Қазақстан халықаралық қатынастарда осыдан жиырма жыл бұрын ең оптимист саяси сарапшы болжай алмаған ірі табыстарға қол жеткізді Бұл ірі табыстардың артында Н.Назарбаевтың тұрғаны айтпаса да түсінікті.
Әбдіуақап ҚАРА,
Egemen Qazaqstan, 07.01.2012: http://www.egemen.kz/324111.html