ҚАЗАҚ ІШІНДЕ ӨЗІНЕ, ҰЛТЫНА СЕНБЕЙТІН АДАМДАР БАР

«Жаһандану» ұғымы ағылшын тіліндегі «global» ұғымынан алынған, бұл терминді алғаш рет 1983 жылы Гарвард университетінің профессоры Теодор Левитт ғылыми айналымға енгізген. Жарты ғасырға толмайтын азғана уақыттың ішінде бұл ұғымның және процестің қарқынды дамып кеткені сонша, ұлттық құндылықтарымыз бен болмысымызға үлкен қатер төніп тұрғанын байқауға болады. Жаһандану ұғымын біртұтас адамзаттық мәдениет қалыптастыру үдерісіне ілесу деп те түсіндірсек болады. Десек те, біртұтас адамзаттық мәдениет құрамыз деп жүріп, сонау заманнан келе жатқан өз тіліміз бен ділімізден айырылып қалмаймыз ба деген мәселе тұрады. Осы жаһандану заманында ұлттық сананы қалай қалыптастыруға және дамытуға болады деген мәселе төңірегінде Түркия республикасында туып-өскен тарихшы, шоқайтанушы ғалым, Ыстамбұлдағы Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры Әбдуақап Қарамен сұхбат құрдық.

Jas Alaş 23 qantar 2024

– Өткен ғасырдың аяғынан бастап әлемде жаһандану үрдісі кең етек алды. Оның ұлттық мәдениетке ықпалын жоққа шығара алмасымыз анық. Қазақ мәдениеті, руханияты қазіргі таңда қарсы келген мәдени қақтығыстарға жұтылып кетпей, қарсы тұруға қауқарлы ма? Осы тақырып турасында сөз қозғасаңыз…

– ХХІ ғасырдың бірінші ширегін аяқтап екінші ширегіне келе жатыр­мыз. Қазір орасан зор өзгерістердің алдында тұрмыз деуге толық негіз бар. Қазіргі таңда мамандар әлемде бірнеше жылдан кейін техноло­гияда бұрын-соңды болмаған ұлы өзгерістердің болатынын болжауда. Бұл өзгерістердің адамзаттың өмір сүру салты, істеген жұмыстары, тіпті киген киімінен ішкен-жеген тағамдарына, көптеген салаларына да әсер етері хақ. Осы орайда ұлттық мәдениеттер де өзгереді, кейбіреу­лері өзгеріп қана қоймай жойылып та кететіні анық. Мамандардың пікіріне сенер болсақ, келешекте ағылшын тілі таңдаулы үйренуге болатын бір шетел тілі болудан шығады. Ол экономика мен техно­логияның тілі болады. Яғни ол тілді білмеген адам дүниеден құр қалады деген сөз.

Сондықтан ата-аналар балаларын балабақша кезінен бастап ағылшын тілінде тәрбиелегісі келеді. Міне, бұл – біздің басымызға түскен үлкен қатер, яғни ана тілін білмей жатып бір балаға өзге тілде тәрбие беру ұлттың құруына әкеп соқтырады. Сондықтан алдымен ана тілі, содан кейін шетелдік тіл. Шет елдің тілін сіңіріп өскен бала түбінде сол ұлтқа қызмет етеді. Бірақ келешекте экономика мен технологияның тілі, яғни күн көрістің тілі ағылшын тілі болып жатса, онда қазақ тілі жарам­сыз болып қалмай ма деген сұрақ тууы заңдылық.

Өзге ұлттардың тілдері жарам­сыз болып жатса да, қазақ сынды өзге түркі тілдері жарамсыз болып қалмайды деп ауыз толтырып айта аламын. Өйткені бұл тұрғыда түр­кі халықтарының, өзге ұлттарға қарағанда, бай тәжірибесі бар. Біз­дің аталарымыз VІ-ХVІІ ғасырлар арасында Түрік қағанаты, Алтын орда, Селчұктар, Осман патшалығы сынды жаһандық мемлекеттер құрып, әлемнің бір бөлігін билеп тұрды. Сонымен қатар ол кезде Еу­ропа халықтары білім мен ғылым­нан жұрдай, орта ғасырлардың қа­раңғылығында өмір сүріп жатқанда түркілер әл-Фараби, Ибн Сина, Ұлықбек сынды үлкен ғалымдар шығарып, ғылым мен мәдениетте алдыңғы қатарда орын алды.

Сол кезде түркілердің ғылым тілі арабша, әдебиет тілі парсыша болған. Ғалымдар ғылыми еңбек­терін араб тілінде, өлеңдерін парсы тілінде жазған. Сондықтан бүгін Отырарда туған әл-Фарабиге еңбек­терін араб тілінде жазғаны үшін арабтар да біздің ғалымымыз деп таласып отыр. Бірақ олар басқа сала­ларда, атап айтқанда, билікте, қоғам­да және отбасында өздерінің ана тіл­дерін қолданған. Әйтпесе, біз бүгін қазақша, өзбекше, татарша, түрікше сөйлемей, тек араб тілінде қана сөй­лер едік. Сол қиян-кескі заманда өз тілі мен ділінен айырылмаған ұлт бүгінгі жаһанданған заманда да ұлттық болмысы мен құндылығынан айырылып қалмайды деп сенемін. Өз-өзіне сенген халық қашан да жеңіп шығады. Өкінішке қарай, мен қазақтар арасынан өзіне-өзі, ұлтына сенбейтін адамдарды көріп жүрмін. Өзіне және ұлтына сенбеген халық өз баласын басқа тілде оқытады. Өйткені ұрпағының келешегін өзінің ұлтында көрмегендік ұрпағын өзге тілде тәрбиелеп өсіреді. Ол «балам қазақ тілінде сөйлесе аш қалады, келешегі болмайды. Сондықтан өзге тілде оқыту керек» деген түсініктен шығады. Өзге тіл үйренуге қар­сы емеспін. Бірақ ана тілін толық меңгермей жатып, екінші бір тілді қойыртпақтап қосу дұрыс емес. Айтпағымыз – ана тілді білмей тұрып, екінші бір тілді үйрену. Бұл әлі де «өзгені зор, өзін қор санайтын» санадан келетін жаман әдет. Бірақ ана тілін біліп, оған қоса орыс тілі, ағылшын тілі, қытай тілі, қанша тіл білсе, соншама ғанибет, жақсылық, байлық. Сол себептен, халықаралық тілдерді білсек те, өзіміздің ана тілімізге мән беруден кенже қал­майық.

– Қазіргі таңда біздің елімізде ғана емес, күллі әлемде ұлтаралық мәдениеттердің алмасып жатқаны анық. Осы тұста біздің ұлттық мәдениетімізге қай тараптың әсері күшті болып жатыр. Мәдени ықпалдың әсерінен төлтума болмысымыздың жаңаша түрленіп жатқан тұстары бар ма?

– Біз өткен ғасырда орыс мәде­ниетінің әсер-ықпалында болдық. Ол кезде қазақ халқында ерік болған жоқ. Кеңестік билік қазақ ұлтын жойып, өткенде бір сұхбатында белгілі жазушы Мұхтар Мағауин атап өткендей, «Гомо советикус», яғни мәңгүрт жасауға тырысқан еді. Сол қиын кездердің өзінде ғалым­дарымыз, зиялыларымыз ұлттық мәдениетімізді сақтауға күш жұм­сады. Идеологиялық қысым, қу­далауларға қарамастан, Ермұқан Бекмаханов, Олжас Сүлейменов, Ілияс Есенберлин, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов сынды көптеген ғалымдар мен жазушылар қазақтың ұлттық тарихы мен мәдениетін жас буындарға ұмыттырмайтын сүбелі еңбектер жазып шыққан еді.

Енді тәуелсіздікке қол жеткізіп, дербес мемлекет болдық. Ешқандай мәдени қысым-қудалау жоқ. Бірақ жаһандық тасқын, өзгерістер бар. Осы өзгерістерден құр қалмау, ел қа­тарлы өмір сүру қайғысы жастарды жаңа технологияларға, оның тіліне ілесуге итермелейді.

Міне, осындай жағ¬дайда түбі бір және тілі, мәдениеті, та¬рихы ортақ туысқан елдер бірігіп әрекет етуі қажет. Сонда мәдениетіміз бен тіліміз де заманға сай құлпы рып, дамып шыға келеді. Әйтпегенде, жаһандық мәдени тасқынның астында қалып, келесі ұрпақтарымыз өз еріктері мен ұлттық мәдениеттерінен көз жазып, «Гомо глобус», «әлем адамы», яғни «ұлтсыз адам» болып шыға келуі ғажап емес.

– Нарықтық қатынаста өзіңнің ұлттық бірегейлігіңді сақтап қалудың қандай жолдары бар? Өзіңіз әлеуметтік желідегі парақшаңызға «Араб мәдениетін ислам деп ойлау да, еуропалық мәдениетті өркениет деп ойлау да біркелкі қателік» (Мухсин Языжыоғлу) деп жазған едіңіз, осыны ескермеген жастардың шет ел мәдениетіне жаппай еліктеуінің себебі неде? Салдары неге әкеліп соғуы мүмкін?

– Қазір әлеуметтік желіде дініміз исламға қатысты түсініксіз ақпараттар тарап жатыр. Менің ойымша, бұл кездейсоқ емес. Себебі ХХІ ғасыр – технология ғасыры, әрі мәдениет ғасыры. Бұл заманда материалдық және рухани құндылықтарды тең дәрежеде алып жүре алмасақ, қоғам ретінде де, жеке тұлға ретінде де жоғалтамыз. Өйткені қазіргі ақпа­рат ғасырында адамның ой-өрісін шатастыратын мәліметтер көбей­ген. Біз дамыған технологияның арқасында бір жағынан матери­алдық жайлылықта, екінші жағы­нан рухани жұтаңдықта өмір сүріп жатқан сияқтымыз. Сол себепті руханиятты назардан тыс қалдыра алмаймыз. Адам өзінің материалдық байлығымен бірге рухани жағдайын да қатар дамытуы керек. Материал­дық пен руханилықтың тепе-теңдігі бұзылса, адам қанша байлықта, мол­шылықта өмір сүрсе де, күйзеліске түсуден құтыла алмайды. Бұл тұрғы­да мұсылмандар бақытты. Өйткені адамзаттың рухани құндылықтары­на көз жүгіртсек, ең кемел дін – ис­лам діні екенін көреміз. Осы себепті өткен ғасырлармен салыстырғанда экономикалық деңгейі жақсарып, ақпараттық ресурстарға қолжетім­ділігі артқан мұсылман елдерінде ояну мен қарқынды даму бар. «Білім – мұсылманның жоғалған малы, оны қайдан тапса алады» дейтін ислам дінінің қозғаушы күші адамдарды білімге және бір-біріне мейірімді болуға жігерлендіруде. Осы дінді дұрыс түсінсе, қазақтар мен басқа да түрік халықтары бүгінгі технология мен экономикалық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, ХХІ ғасырда алдыңғы қатарлы елдер дәрежесіне көтеріле біледі. Осы өрлеудің алдын алу үшін ислам дініне қатысты өте қарама-қайшы ақпараттар тарап жатыр. Олар исламда жоқ ырым­дарды, бұрыс ойларды, әдет-ғұрып­тарды жоқтан бар етіп, ұлттық құндылықтарға қайшы келетіндей етіп көрсету арқылы адамдарды исламнан алшақтату мақсатына қызмет қылады.

Ислам дінін, әсіресе дәстүрлі ис­лам деп аталатын кеңестік кезеңге дейінгі қазақ ата-бабаларымыз сен­ген және орындаған исламды жақсы түсінуіміз керек. Мұны істемесек, түркі халықтарының сеніміне сәй­кес келмейтін, шектен шыққан әсіре исламдық ағымдардың құйынына түсіп, адасамыз. Бұлардың сонымен қатар адамдарды дінге байланысты қақтығысқа апару мүмкіндігі бар. Кейбір құндылықтар, әсіресе араб мәдениетіне жататындар ислам­нан шыққандай қабылданады. Бұл дұрыс емес. Қазақтардың өз мәдени құрылымы аясында ислам туралы өзіндік түсінігі бар. Мәселен, қа­зақтар және өзге түркі халықтар исламнан бұрын өткен ежелгі ата-ба­баларының аруағына үлкен мән бергендіктен, марқұмның жетінші, қырқыншы күндері мен жылында Құран оқытып, ас береді, бірақ мұн­дай жетісі, қырқы, жылы деген әдет исламда және араб мәдениетінде жоқ. Соған қарамастан, бұл орындаушылық исламның негізгі қағида­ларына қайшы да емес, қайта оның қағидаларына үйлесімді келеді. Сол себепті де ата-бабаларымыз ислам дініне қайшы келмейтін әдет-ғұрып­тары мен дәстүрлерін дінмен ара­ластырып орындауын жалғастыра берген. Біздің айтқымыз келетіні – осы. Осылай етсек, материалдық жағынан да, рухани жағынан да тепе-теңдестірілген бақытты өмірге қол жеткіземіз.

– Тәуелсіздікке қол жеткізіп, шекарамыз ашылғаннан кейінгі кезеңдегі мәдени құндылықтар жүйесі мен руханиятқа көптеген өзгерістер еніп жатқаны белгілі. Бұл жерде дәстүр мен жаңашылдықтың қатынасындағы белгілі бір баланс бар ма?

– Әрине, бар. Негізінен түркі халықтары үшін жаһандық дәуір – дәстүр мен жаңашылдықты бір­келкі ұстау дәуірі. ХХІ ғасырдың жаһандық дәуірі түркі халық ­тары үшін дәстүр мен өзгерістер­ді біріктіретін дәуір болуы керек. Байқасаңыз, тек қазақ халқы деп отырған жоқпын. Өйткені жаһандық дәуірде түркі халықтары бірге қимыл жасамаса, ұлы өзгерістер тасқынына төтеп бере алмайды. Сөзімізді одан әрі жалғастырайық. Егер сіз ХХІ ғасырда орын алған өзгерістерді ұлттық құндылық­тарыңызға қатер ретінде көріп, өзіңізді оқшаулап, өз мәдениетіңіз бен дәстүрлеріңізді берік ұстанып, консервативті болсаңыз, бұл дәуірде адамзат көшіне ілесе алмай артта қаласыз. Немесе өз тамырыңнан, салт-дәстүріңнен ажырап, шамадан тыс өзгерістерге бой алдыратын бол­саңыз, материалдық игіліктерге қол жеткізгенмен, ұлт болудан қаласыз, яғни мәнгүртікке ұрынасыз. Осы се­бепті тек жаһандық (глобал) немесе тек жергілікті (локал) болу ұлттың көсегесін көгертпейді. Оның орнына біздің глокальды, яғни әрі ғаламдық және әрі жергілікті болуымыз керек. Басқа сөзбен айтқанда, біз – ХХІ ғасырдағы технологиялық және мә­дени өзгерістерге ілесе отырып, ұлттық тамырларымызды мызғымастай берік сақтап дамыту басты қағида. Сонда біз бірегей ұлт болып шыға аламыз. Әйтпесе, тек технологиялық дамуға ілесіп, ұлттық құндылық­тарымызды жоғалтсақ, жаһандық ірі компанияларға қызмет көрсететін биологиялық роботтарға айналамыз. Сол себепті тек жаһандық болу не­месе тек жергілікті болу емес, ХХІ ғасырдың талабына сай емес. Біз дәстүр мен жаңашылдықты тең ұс­тап, глокальды болуымыз керек.

– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ
Жас Алаш газеті, 23 қаңтар 2024