ЫСТАМБҰЛДА ӘЛІПБИ СИМПОЗИУМІ ЖӘНЕ ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ТІЛ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Мармара университетіндегі түркітану институты тағы да әліпби бойынша тарихи маңызы бар бір симпозиумға мұрындық болды. Ыстамбұлда 2018 жылы 20-21 қараша күндері өткізілген екі күндік ІІ. Қазіргі түркі әліпбилері халықаралық симпозиумында сегіз отырыста түркі әлемінің түрлі елдерінен келген ғалымдар 30-дан астам баяндама оқыды.

Түркітану институтының директоры профессор Окан Йешилот

Дегенмен, бір мезгілде екі отырыс өткізілгендіктен, осы маңызды баяндамалардың барлығын тыңдау мүмкігі болмады. Әттен симпозиум үш күнге созылып бір мезгілде бір отырыс болып ғалымдар бірін-бірі тыңдағанда қандай тамаша болар еді.

Бірақ шектеулі мүмкіндіктермен жұмыс істегендерін айтқан ұйымдастырушы ғалым достарымды құттықтағым келеді. Өйткені олар осы ғылыми жиналысты табысты өткізу үшін жанқиярлықпен жұмыс істеді. Алайда, бұл симпозиумды Анқарадағы мүмкіншіліктері мол Түрік Тілі Институты көп жыл бұрын жасауға тиісті еді. Десе де, осы институттың төрағасы профессор Гүрер Гүлсеуин мырзаның осы мәртебелі қызметке жаңа тағайындалуына қарамастан үлкен қолдау көрсетіп отырғаны қуантарлық.

Қазіргі таңда Түрік Тілі Институты жалғыз емес. Бес өзге тәуелсіз түркі республиканың да тарихы 1920-шы жылдардан бастау алатын мықты тіл институттары баршылық. Енді олар өзара ынтымақтастықты нығайтуға тиіс. Түркі тілдерінің жарқын болашағы мұны қажет етеді. Себебі түркі тілі – өте үлкен отбасы, ұлы әлем. Расында да, әйгілі тіл ғалымы, ақын, данышпан Әли Шир Наваи бір сөзінде былай деген екен: “Түркі тіліне тереңдеп үңілгенде, мен 18 мың ғаламнан да ұлы бір ғаламды көрдім.” Міне осындай ұлы тілдің сөзсіз ұлы қиындықтары болады. Түркі тілдес елдер бұл қиындықтарды бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып ынтымақтасқанда ғана жеңе алады.

1929 жылы қабылданған қазақ әліпбиі және 1927 жылғы ортақ латын әліпбиі

Осы себепті симпозиумда сөйлеген сөзімізде түркі дүниесі тіл институттарының өзара тығыз байланыста болулары және тіпті түркі тілдес мемлекеттердің басшыларының саммиттерін реттеп отыратын органы Түркі кеңесінің жанында түркі әлемінің тілдік мәселелерін шешу үшін ТІЛ КЕҢЕСІ құрылу қажеттігін атап өттік.

1929 жылы және 2018 жылы қабылданған қазақ әліпбилері

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылы 26 қазанда елді латын әріптеріне көшіру туралы шешімге қол қоюы Түркі әлеміндегі латын әліпбиіне көшу үдерістерінде маңызды бір белес болып саналары хақ. Мармара университетінің Түркітану институтының директоры профессор Окан Йешилот та өзінің жиналысты ашу сөзінде Назарбаевтың өз елін латын әріптеріне көшіру туралы шешім қабылдағаннан кейін симпозиум жасау туралы шешім қабылдағандарын айтты.

Біздің ойымызша, түркі әлеміндегі алфавит мәселесі Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен және Стамбулдағы осы симпозиуммен жалпы шешілген сынды. Бұдан кейін түрікі әлемінің жалпы тілге қатысты мәселелерге көңіл бөлгені орынды болмақ. Алфавит – тілдік мәселелердің бір бөлігі ретінде әлі де болса қолға алуды жалғастыруға болады. Тіл мәселесі тек түркілерде ғана емес, сондай-ақ Германия, Франция және Ресей сияқты көптеген дамыған елдерде де бар. Ортақ әліпби, ортақ емле ережелері, ортақ транскрипция, компьютерлендірілген аударма, сөздіктер, алпауыт тілдердің жойқын әсерінен сақтану және жаңа терминдер мен технологияларға сөз жасау сынды көптеген тілдік мәселелерге мұқиат назар аудару қажет.

Белгілі ғалым профессор Әлімхан Жүнісбек баяндамасын оқуда

Міне осындай тілге қатысты барлық мәселелерді Түркі Кеңесі жанында құрылатын бір ТІЛ КЕҢЕСІНДЕ қолға алуға болады. Осылайша, тіл бойынша кездесетін қиыншылықтарға дер кезінде шешім қабылдап оларды өмірде іске асыру үшін президенттердің назарына дер кезінде ұсыну мүмкін болады.

ІІ. Қазіргі түркі әліпбилері туралы халықаралық симпозиумында біз “Түркі әлемінде латын алфавитіне көшу үдерістері” жайында баяндама оқыдық. Онда біз ортақ латын әліпбилерінің тарихына назар аудардық. Түркілер үшін тұңғыш ортақ латын әліпбиі 1926 жылы Баку қаласында өткен түркология конгресінің шешімдеріне сай 1927 жылы жасалған екен. Баку конгресінде латынға көшу шешімі қабылданғаннан кейін ғалымдар әр мемлекет өзінше әр қилы латын әліпбиіне өтпес және бір бірлігінің мәтіндерін оңай оқып түсіну үшін 33 таңбадан тұратын ортақ бір латын әліпби жасап шығарған. Сондай-ақ әр мемлекет осы әліпбидің 33 таңбасының барлығын алуға міндетті емес екеніне, ішінен қажетті әріптерді алуларына болатынына келіскен. Сөйтіп Қазақстан мұның ішінен 29 әріпті таңдап алған. Сөйтіп бұл алфавитті Кеңестік түркі елдер 1928-1940 жылдар арасында қабылдап қолданған.

1927 ж. қабылданған ортақ түркі әліпбиі және 1928 ж. қабылданған түрік әліпби

Бүгінгі Түркия қолданып отырған латын әліпбиі де сол негізде жасалып 1928 жылдан бері қарай қолданылып келе жатыр. Бүгін, сол кезеңге бұрылып қарағанда, сол кездін ғалымдары мен мемлекет қайраткерлерінің қандай көреген адамдар екенін біліп таң қаласыз.

Міне сондықтан, 1991 жылдан кейінгі жылдары кириллицадан латын әріптеріне көшкен республикалар негізінде өздерінің бұрынғы ұлттық әліпбилеріне қайта оралып отыр деп есептеген дұрыс.

1927 ж. және 1991 ж. қабылданған ортақ түркі әліпбилері

Осыдан кейін түркілер үшін екінші ортақ латын әліпбиі 1991 жылы тағы да Мармара университетінің түркітану институты өткізген халықаралық симпозимда ішінде Қазақстан да бар түркі елдерінен келген 28 ғалымның қатысуымен жасалған. 34 таңбадан тұратын сол әліпби кирилицадан латынға өтетін тәуелсіз түркі республикаларға ұсыныс етілген. Бүгінгі таңда латынға өткен төрт республиканың барлығының да сол ұсынысты толықтай қолдамай әр қилы алфавиттерге өткені байқалуда.

Симпозиумға Қазақстаннан келген ғалымдар

Мармара университетінің түркітану институты ІІ. Қазіргі түркі әліпбилері туралы халықаралық симпозиумымен тағы да бір тарихи маңызы бар бір қызметті орындады. Симпозиумның тең төрағалары профессор Окан Йешилот пен доц. Өзлем Теңіз Йылмаздан бастап осыған еңбегі өткен бүкіл азаматтарды құттықтап алғысымды айтамын.

Әбдіуақап Қара
Тарих ғылымының докторы, Мимар Синан көркем
өнер университетінің профессоры