АБАЙДЫҢ ҚАРА СӨЗДЕРІН ОҚЫҒАНДА ОЙЛАНДЫМ? ҚАЛҒАН ӨМІРІМДЕ МЕНІҢ НЕ ІСТЕУІМ КЕРЕК?

2020 жыл ұлы ақын, ойшыл Абайдың 175 жылдығы болуына байланысты, соңғы күндері оның өлеңдері мен қара сөздерін қайта оқып ойланып толғанып жүрмін. Қара сөздерінің бірінші сөзінде Абай жер ортасы жасқа жеткенін айтып өткен өмірін қорытындылап қалған өмірінде не істеп не істей алмайтынын айтады.

Абайдың бұл ұстанымы бәрімізге үлгі болу керек. Белгілі жасқа жеткен адамдар өткен өмірі үшін өзі өзіне есеп беріп содан қорытынды шығарып қалған өмірін қалай өткізетінін жоспарлап алғаны қажет сыяқты. Әйтеу мен өзім осындай ойға келіп өткен өміріме көз жүгіртіп енді қалған өмірімде не істеп, не істей алмайтынымды болжап шықтым. Сіздермен бөлісе отырайын.

Бұл жасқа келгенше Абай сыяқты мен де бастан жақсыны да, жаманды да кешірдім. Қазір алпыс жасқа таяп отырдым. Осы жасқа дейін сауда да істедім. Жұрналист те болдым. Ғылым жолына да түстім. Қоғамдық жұмыстарға да көбірек араластым. Түркия және Еуропанын бір сыпыра елдерінде біраз қызметтер атқардым. Осы кездерде, Абай айтқандай, алыстым да, жұлыстым да, айтыстым да, тартыстым. Бір сыпыра жұмыстарда үлкен жеңістерге жеттім де. Жастық шақта рас ренжіткендерім де болған шығар. Xалыққа қалтқысыз қызмет істеген кездерімде мені де ренжіткендер көп болды. Әйтеуір өстіп жүріп осы жасқа жеттім. Алаштануда, Шоқайтануда, түркі тарихын зерттеуде біраз жұртқа танылдым.

Ал, енді қалған өмірімді қайтіп, не қылып өткіземін? Соның жауабын табу үшін өз өзіме сұрақ қоюмен келемін.

Кафедра меңгерушісі немесе декан болу ма? Жоқ, мен басқару жұмыстарын атқара алмаймын. Онда зерттеу жасаудан, қалааралық, еларалық конференцияларға барудан қаламын. Құжаттарға қол қоюдан, бюрократиямен алысудан, жиналыстарда сарғайып отырудан бас көтере алмайтын халге ұшырайын деген кісі қана ондай мансаптарға қол созбаса бізді ондайдан құдай сақтасын! Бүгінге дейін 40 кітап жазыппын, Алла өмір берсе қалған өмірімізде кітап санын алпыс жетпістен асырсақ деген ойдамыз.

Ел таныған беделімізді пайдаланып сауда жасау ма? Жоқ, саудаға, әсіресе ақша келтіретін істерге бара алмаймын. Дүние қуу менің пешенеме жазылмаған. Ақша-мал қуатын болсам, жас кезімде әкемнің тері магазині бар еді. Сонда ақша қуып іскер адам болып кетер едім. Жас кезімде істемеген істі енді жер ортасы жасқа келгенде ешқашан істей алмаймын, істегім де келмейді.

Саясатқа түсу, депутат болу ма? Жоқ, саясат мен айналысатын жұмыс емес. Түркияда біраз таныстарым Анқараға шақырады. Жоқ бара алмаймын. Саясат пен ғылым екі бөлек дүние екеніне көзім әбден жетті. Саясатқа барған адам ғылыми бет-беделінен, сенімінен айрылады. Сонда менің 40-50 жылдық оқып түйгендерім босқа кетпей ме? Бұл үлкен ысырап. Нақ ғалымдар ешқашан саясатқа бармаса керек. Сонда олар еліне көбірек пайдалы болар еді. Өйткені ғалым адам саясатқа кетіп ғылыми орнын бос тастаса, оның орнын ешкім баса алмайды. Ал ол саясатқа бармаса, саясаттағы оның орны бос қалмайды. Лезде біреулер, әрі одан артық пайдалы түрде толтыруы бек мүмкін.

Қор ашып, қоғам құрып бастық болып ел-жұртқа бағыт бағдар беру ме? Жоқ, ол да болмайды, белгілі жастан кейін профессор тұрмақ, одан да зор данышпан болсаң да жұрт сені тыңдай ма? Сөзіңді ұға ма? Қайдан? Бүгін әркімнің өз ақылы өзіне жетерлік. Сондықтан өз өзімді көпшілікке қор қылатын шамам жоқ.

Немерелерді бағу ма? Жоқ, баға алмаймын. Әзірше немерем жоқ. Бірақ келешекте балалардын барлығын үйлендіріп немерелі болып жатсам, оларды бағам деп ойламаймын. Әкелерін бақтым, шешелерін бақтым. Олар өз балаларын өздері бағып алсын.

Сонымен ақыры ойланып мынандай қорытындыға келдім: жастайымнан кітап оқуға құмар болып ақшаға, саудаға, дүниеге қарамай, білім қуып жүріп бүгінге келіппін. Енді бұдан былай да оны жалғастырғаным дұрыс. Осы орайда екі нәрсе істейін.

Біріншіден зерттеу жасап кітап жазайын. Әсіресе қазақтан бастап бүкіл түркілердің тарихын, ұлы мемлекет қайраткерлерін, жазушыларын, мәдениетін жазайын келешек ұрпақтарға мұра етіп қалтырайын.

Екіншіден шәкірт тәрбиелейін. Ғылым жолына түскен әсіресе магистранттар мен докторанттардың талантты да, талаптыларына білгенімді үйретейін. Тәжрибемді бөлісейін. Сонымен қатар әр салада оларға қолдау көрсетіп еліне, жұртына қызмет ететін ғалым болып шығуларына көмектесейін. Ақыры осыған келдім.

Бір ғалым үшін кітап жазудан, айналысқан ғылымын одан әрі дамуы үшін шәкірт тәрбиелеуден басқа ешнәрсенің бақыт әкелмейтініне көзім жетір отыр. Өйткені өзгенін бәрі маған бос әурешілік, өткіншек және алдамшы болып көрінеді.

Әбдіуақап Қара
тарих ғылымдарының докторы,
Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры