ЫСТАМБҰЛДАҒЫ АБАЙ АЛАҢЫНЫҢ ТАРИХИ МАҢЫЗЫ

Бұл туралы Ыстамбұлда 2021 жылы, 18 наурыз күні Абай алаңының ашылу рәсімінде сөйлеген сөзімізде баяндадық. Сол мәтінді төменде толықтай жариялап отырмыз.

Құрметті Қазақстан Республикасы Премьер-Министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі,

Құрметті Түркі Кеңесінің төрағасы

Құрметті Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшісі,

Құрметті Қазақстан Республикасының Ыстамбұл қаласындағы Бас консулы,

Құрметті Ыстамбұл қала әкімі мен мэрі,

Құрметті Зейтінбұрны мэрі,

Құрметті қонақтар!

Бүгін осында Түркия-Қазақстан байланыстарында маңызды бір іс-шара үшін бас қосып отырмыз. Тек Қазақстан ғана емес, сонымен қатар Түркі дүниесінің белгілі ақыны, ойшылы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай маңызды бір шараны, атап айтқанда осы алаңға ұлы ақынның атын беру және Қазақ сәулетшісі қолымен құйылған Абай ескерткішінің ашылу рәсімін іске асырмақпыз.

Ұлы ақын Абай атының бұл алаңға берілуі кездейсоқ емес. Бұл, Ыстамбұлдың Зейтінбұрын ауданында ұлы ойшылдың атын өлмес қылып қалдыру туралы екі елдің президенттерінің бастамасының заңды жалғасы болып отыр. Өйткені, 1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерей тойында, Түркия Президенті Режеп Таййіп Ердоған, сол кездің Ыстамбұл қаласының мэрі ретінде мына темір жолдың аржағындағы даңғыл жолға “ABAY CADDESİ” атын беруге мұрындық болған еді. Одан кейін 2003 жылы Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сол көшенің бойында жаңа салынған үлкен мектепке “KAZLIÇEŞME ABAY İLKOGRETİM OKULU” атын беру рәсіміне қатысып Зейтінбұрны халқының мерейін өсірген еді.

Бүгінгі таңда бұрынғы тарихи жібек жолының темір жол ретінде жаңғырып отырғаны белгілі. Міне сол халықаралық темір жолдың Азия мен Еуропа құрылығын теңіздің астынан жалғап тұрған Мармарай темір жолының аялдамасының бірі осы Зейтінбұрны аялдамасы. Түркия мен Қазақстан арасын байланыстырып отырған темір жолдың бел ортасында орын тепкен аялдаманың қасындағы осы алаңға Абай атының берілуінің мәні өте жоғары. Сондықтан осы іс-шараға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұхтар Бескенұлы Тілеуберді ат терлетіп келіп отыр.

Мұның өзі, Қазақстан Президенті Қасым Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқының Зейтінбұрында өтіп жатқан осы іс-шараға беріп отырған зор мәнін көрсетеді. Өйткені, Мармарай темір жолы қалай екі құрылықты бірбіріне жалғап тұрса, ұлы Абайдың тұлғасы да да солай тамыры тереңде жатқан түрік-қазақ достығын мызғымастай етіп бекемдеп отыр.

Өздеріңізге белгілі қиын қыстау кезеңдерде басқа бір елге бармай “түбі бір туысқан түрік еліне ғана барамыз” деп Түркияға бет алған қазақтардың аталарының бұл елде алғаш қоныс тепкен жері Зейтінбұрыны еді. Аталарымыздың аруағы бүгін осы ауданда өлеңдерін сүйіп жатқа оқитын Абай атындағы алаңның тұсаукесеріне байланысты орнынан бір аунап түскен шығар. Өйткені, бұл іс шарамен екі елдің туысқандығы тағы бір рет дәлелденіп отыр. Бүгіннің, сол аталардын ұрпағы ретінде осы ауданда туып, өмір сүріп келе жатқан бүкіл исі қазақтың да ең мәнді күндердің бірі болып отырғаны күмәнсіз.

Сондықтан да алаңға ұлы ақынның атын беруге барынша қолдау көрсеткен Ыстамбұл қала мэрі және Зейтінбұрны мэрімен өзге еңбегі өткен азаматтардан бастап бүкіл түрік халқына Түркия қазақтары ретінде алғысымыз шексіз. Назарларыңызға рахмет.

Құрметпен,

Әбдіуақап Қара тарих ғылымдарының докторы, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры

АУРАСҚА Еуразия Мәдениет және Өнер Қолдану және Зерттеу Орталығы Төрағасы