АТЫМТАЙ ЖОМАРТ БАЙҒА ӨКПЕЛЕУГЕ БОЛА МА?

17-18 жастан бастап күндіз түні жұмыс істеп байыған бір адам жасы 50-60-тан асса да әлі де күндіз түні жұмыс істейді екен. Өйткені жылдар бойы істеп көптеген завоты, құрылысы, шаруашылықтары болыпты. Оларға күн сайын уақыт бөліп араламаса, олар дұрыс жұмыс істемей тоқтап қалады екен.

Бұл байдың ерекшелігі тапқан ақша-байлығын жан жағындағы адамдарға тегін таратып беріп отырады екен. Кейде біреулер алмаймын деп қашқақтаса алдап сулап қазна-байлығымнан алыңызшы деп жалбарынған кездері де болады екен. Тіпті дүркін дүркін жиналыстар өткізіп халықты келіп байлығынан алуға шақырып отырады екен.

Осындай болғаннан кейін танымал болып ел-жұрт үнемі үйіне шайға, баласы үйленсе тойына шақырып отырады екен. Бірақ бай кісі оларға көбінесе уақтым жоқ деп бармайды екен. Өйткені тағы да күндіз-түні жұмыс істеп тапқан байлықтарын елге таратқысы келеді екен. Егер мен той тойлап қонып жүрсем жұмыс істемесем су алған сиыр құсап байлығым ортайып қалады, сонда елге мен қазнамнан тарата алмай қаламын дейді екен. Көп жұмыс істегендіктен ерте жатып ерте тұруым да керек. Тойға қонаққа барып жай жатсам, тәңертен тұра алмай қалып көп жұмыс қалып қояды. Уақтылы жеп пішіп жақтылы жатып тұрмасам күндіз-түні жұмыс істей алмай қаламын, тіпті денсаулығым да нашарлап қалады дейді екен. Сөйтіп ол халыққа көп байлық шашу үшін уақтын үнемді жұмсауға, денсаулығын мықты ұстауға қатты көңіл бөледі екен. Оның айтуынша, табысты болудың кілті де осы екен.

Солай болса да бұған көп адам “үйіме келмеді, тойыма келмеді, туған күнімді бірге тойламады, қайтыс болған адамыма оқытқан Құран хатымға, құдайы асқа келмеді” деп өкпелейді екен. Айтыңдаршы мұндай адамға өкпелеуге бола ма? Ол сіздің қонағыңызға келіп жұмыс уақтынан, халыққа пайда тигізер мұршасынан айрылып қалса жақсы ма? Сондықтан ол менсінбегендіктен емес, халыққа көбірек пайга тигізейін деп уақтын жұмысқа арнағандықтан келе алмайды екен. Енді мұндай адамға өкпелеген дұрыс па?

Міне бір ғалым да осы байдай болады. Оның зерттеуден, кітап жазудан, конференциялардан жан жағына қарайтын уақты болмайды. Тіпті кейде туыстарына да көңіл бөле алмай қалады.

Сол үшін ғалымдарды кешіріңіздер айналайын туыстар, достар, таныстар! Олар барлықтарыңызды құрметтейді, жақсы көреді. Тек мұншама жыл тірнектеп жиған білімімім ортаймайсын, қайта көбейсін деп зерттеуге үңілуге өзін мәжбүр сезінеді.

Әбдіуақап Қара
Тарих ғылымының докторы, Мимар Синан
көркем өнер университетінің профессоры