МҰСТАФА ШОҚАЙДЫҢ ТҮРКІ ӘЛЕМІ ТУРАЛЫ КІТАБЫ ЕНДІ ОРЫС ТІЛІНДЕ

Өткен жылы Шоқайдың Еуропада француз журналдарында жарық көрген 120 мақаласынан түркі әлеміне қатысты 40-тайын таңдап “Кеңес Одағының түркі әлемі саясаты” деген атпен кітап етіп шығарған едік. Биыл сол кітап қазақ және түрік тілдерінен кейін міне орыс тіліне де аударылды.

Өйткені Шоқайдың бұл кітаптағы мақалалары қазақтармен бірге әзірбайжан, қырғыз, қырым татарлары, өзбек, татар, түрікпен, Түркия, тіпті Шығыс Түркістандағы ұйғырлардың өткен ғасырдығы тағдырларына қатысты болып отыр.Шоқай түркі әлемін тек тарих пен саясат тұрғысынан емес, халықаралық байланыстар, экономика, әлеуметтік жағдайлары сынды түрлі қырларымен де зерттеп салиқалы да салмақты талдау жасауда.

Кейде сол жолдарды оқыған кезде Шоқайдың әр қилы терең біліміне тәнті болып қайран қаласыз.Осы жерде атап өтерлік бір жәйт, Шоқай әрқашан өзін түркі дүниесінің перзенті ретінде көріп өзін “Түркістандықпын” деп атаған. Мақалаларын да “бір тұтас Түркістан” тәуелсіздігі жолындағы ұлы күреске арнаған еді.

Сондықтан Шоқай еңбектерін өзге түркі халықтарының да оқып түсінуге қақысы бар.Енді бүкіл түркі тілдеріне жеке жеке бұл кітапты аударып шығу оңай емес. Әйтсе де бұрынғы Кеңестік жағрапияда өмір сүрген барлық түркі халықтары орыс тілін білгендіктен осы орайда орыс тілі тиімді құрал болып отыр.

Oрыс тілін білетін өзге халықтардың да оқырман қауымдарына жақын арада Ыстамбұлда баспадан жарық көретін бұл кітап ұнайды деген сенімдеміз.